Бруцеллез – тірек-қимыл, жүйке, жүрек-қантамыр жүйелерін зақымдайтын, жиі мүгедектікке әкелетін, қиын емделетін жұқпалы ауру.
Адамдар үшін аурудың жұқтыру көзі тек ауру жануарлар (қой, ешкі, ірі қара мал, шошқа және т.б.) болып табылады. Дені сау жануарларға ауырған малдармен бірге ұстау кезінде жұғады. Малдарда бруцеллездің ең жиі белгісі – түсік (аборт), өлі ұрықтың тууы және бедеулік.
Адамдарға ауру жануарларға күтім жасау кезінде сақтық шараларын сақтамау, инфекция жұқтырған өңделмеген сүт және ет өнімдерін пайдаланған кезде жұғады. Сондықтан, жануарларды күту кезінде резеңке етік, қолғаптар, арнайы халаттар, алжапқыш, орамал тағу қажет. Артынан оларды қалған киімнен бөлек жуып-шаю қажет. Жануарларға күтім көрсету жұмыстары жүргізілгеннен кейін қолды мұқият жуу қажет. Мал ауласын қидан тазарту қажет, өйткені қида ауру қоздырғышы жарты жыл бойы сақталады. Қазақстан Республикасында рұқсат етілген құралдармен алдын алу мақсатында дезинфекциялау жұмыстарын жүргізу керек. Көшеде сүт, қаймақ, кәуап және ет сатып алмау керек, бұл азық-түліктерді ветеринарлық бақылаудан өтетін базарлардан сатып алған жөн.
Бруцеллезбен ауырған кезде науқастың дене қызуы көтеріліп (5 күн және одан да көп уақыт 37,5°С-тан жоғары), жалпы әлсіздік, тез шаршау, бас ауруы, ұйқының бұзылуы, қалтырау, тершеңдік белгілері болады. Науқастарда буындардың, бұлшықеттердің және белдің ауыруы байқалады. Көрсетілген ауру белгілері пайда болған жағдайда, медициналық мекемеге жүгіну қажет. Емделмеу салдарынан бала туу қызметінің бұзылуы (әйелдерде де, еркектерде де), жүйке, тірек-қимыл және жүрек-қантамыр жүйелерінің зақымдануы сияқты асқынуларға және нәтижесінде мүгедектікке әкеп соғады.
Мал иелері малдарға, әсіресе сүтті мал басына ветеринарлық және зертханалық тексерулер жасатып, мұқият қарауы тиіс. Бруцеллез ауру малдан жұғатынын ескере отырып, ауру жануарларды анықтау және жою, сыртқы ортада микробтарды жою (дезинфекция), ет-сүт өнімдерін термиялық өңдеу (сүтті қайнатқаннан кейін, етті ұсақтап турап, 3 сағат бойы пісіргеннен кейін (етті бөлгенде қолғаптарды пайдалану) қажет.
Ирбатырова Гүлназ Абайқызы
Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары