Сандар «сүйінші» сұрап тұрған жоқ
2022 жылды ауданда короновирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыздығымен бастадық. Жағдай күрделеніп тұрғанын тағы да қаперлеріңізге береміз. Аудан бойынша 2022 жылдың 1-ші қаңтары мен 17-қаңтар аралығында коронавирустық инфекцияның 55 зертханалық расталған жағдайы тіркелді, ол 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіш бойынша 182,6 % құрайды. Өткен аптаның осы кезеңімен (03.01 – 09 қаңтар аралығында) салыстырғанда ауданда аурушылық 49 жағдайға жоғарылаған.
Ауылдық округтерге жеке-жеке тоқталатын болсақ, жыл басынан осы кезеңге дейін Аққыстауда – 17, Тұщықұдықта – 19, Қамысқалада – 14, Нарында – 2, Жанбайда – 2, Исатайда – 1 жағдай, оның ішінде 27 (49%) симптомды, 28 (50,9%) симптомсыз жағдай тіркеліп отыр. Оның 54,5% (30 жағдай) профилакатикалық мақсатта тексерілу кезінде, 18,1% (10 жағдай) науқас адамдармен жақын қарым-қатынаста болу нәтижесінде, 27,2% (15 жағдай) аурудың клиникалық белгілеріне шағымданып, медициналық көмекке жүгіну кезінде анықталды.
Шектеу шаралары күшейтілді
Жалпы республика бойынша эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты 2022 жылдың 13-қаңтарында Республиканың Бас санитариялық дәрігерінің «Қазақстан Республикасында короновирус инфекциясы жөніндегі санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу туралы» №2 қаулысы, 14-қаңтарда Атырау облыстық Бас санитариялық дәрігерінің «Атырау облысы халқының арасында короновирустық инфекция ауруларының алдын алу жөніндегі карантиндік шараларды күшейту туралы» №1 қаулысы қабылданып, аурушылықты одан әрі таратпау үшін бұрынғы шектеу шаралары одан әрі күшейтілді. Ең бастысы, респираторлық инфекцияның алғашқы белгілері (құрғақ жөтел, қызба, ентігу, демалыстың қиындауы т.б) байқалған сәтте медициналық ұйымдарға бармай, бірден жедел медициналық көмектің 103 номеріне қоңырау шалып, үйден көмекке жүгіну керек. Қарт және демікпе, диабет, жүрек аурулары бар адамдарда ауру ауыр түрде болады.
Санитарлық талаптарға салғырт қарамайық
Соңғы кездері көпшілік жиналатын орындарда, кеңселерде, дүкендерде, қоғамдық орындарда, көліктерде әлеуметтік ара қашықтық, маска режимі сақталмайды, нысан иелері де қатаң талап қоймайды. Соңғы қаулы талаптарына сәйкес, аталған орындарда әлеуметтік ара қашықтықты сақтау, медициналық немесе мата бетперделерді кию міндетті.
65 жастан асқан адамдарға аса қажеттілік болмаса, тұрғылықты жерінен шықпаған абзал. Тұрғындар халық көп шоғырланатын жерлерге бармай, әлеуметтік ара қашықтықты, бетперде кию режимін, жеке бас гигиенасын сақтауы, скверлерде, жағалауларда, демалыс орындарында, алаңдарда, парктерде бір отбасы болмаса, 3 адамнан артық жиналмауы тиіс.
«Аshyq» жобасына қатысатын объектілерде 30 адамға дейін еске алу шараларын өткізуді қоспағанда отбасылық (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар т.б) шараларды, оның ішінде ашық ауада, үй-жайлардың ішінде бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынған. Бұдан басқа да «Аshyq» жобасына қатысуына қарамастан тыйым салынған шаралар көп. Мәселен, концерт залдар, діни бірлестіктер объектілері, түнгі клубтар жұмыстарына және конференция, семинар, форумдарды оффлайн режимде өткізуге т.б. тыйым салынған.
ҚР Бас санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 2 қыркүйектегі №38 қаулысының талаптары бойынша вахталық әдіспен жұмыс жасайтын заңды тұлғаларға шектеу және карантиндік шараларды қатаң түрде жүзеге асыру міндеттелген. Осы қаулының 1-тармағы, 1-тармақшасына сәйкес, вахталық әдіспен жұмыс жасайтын кәсіпорындарда вахтадан кіру-шығу кезінде COVID-19-ға қарсы екпе алғандар ПТР тестілеуден өтпейді және оқшауланбайды, екпе алмағандар мен ПТР тестілеудің теріс нәтижесі бар тұлғалар карантиндік стационарда 7 күн оқшауланады.
Сондай-ақ осы қаулы талаптарымен оқу орындары үшін, «Аshyq» жобасына қатысатын және әлеуметтік-объектілерге қатысты шектеулер де вакцинациялау жағдайына, келушілердің «жасыл» қауіпсіз мәртебесіне байланысты жұмыс істейді. Ал, «Аshyq» жобасына қатыспайтын объектілер үшін Қазақстан Республикасының Бас санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 10 қыркүйектегі №42 «Шектеу және карантиндік шаралар және оларды кезең кезеңімен жеңілдету туралы» қаулысында көзделген «қызыл» аймақ үшін өлшемшарттарға сәйкес рұхсат етіледі.
Екпеден қашқан індетке жолығады
Короновирус инфекциясы тез жұғып тарайтын ауру болғандықтан алдын алудың негізгі жолы вакцинациялау екенін тағы да түсіндіреміз. Аталған қаулылар талаптарына сәйкес, халықты короновирус инфекциясына қарсы вакцинациялауды, ревакцинациялауды одан әрі жүргізуді қамтамасыз ету тапсырылған.
Алысқа бармай-ақ, аудан бойынша ауырғандарға талдау жасаған кезде 55 сырқаттың 13-і (23,5%) зейнеткер болса, оның 8-і (61,5%) короновирус инфекциясы белгілерімен, 5-еуі (38,4%) басқа сырқаттарымен ауруханаға жатқызу кезінде анықталған, және 100% екпе алмағандар. Сондай-ақ жүкті әйелдерге екпе алу туралы қанша айтылса да, қазіргі ауруханаға жатқызар алдында анықталып тұрған 6 әйелдің бәрі де екпе алмағандар. Жалпы 55 сырқаттың 33-і, яғни 60% екпе алмағандар. Үлкендердің өздері ғана ауырып қоймай, солармен қарым-қатынаста болған 4 бала ауырып отыр. Сондықтан бұл ойланатын жағдай. Қазір мүмкіндік бар, қаулы талаптарына сәйкес халықты короновирус инфекциясына қарсы егуді ұйымдастыру және жүргізудің алгоритмі бекітіліп, денсаулық сақтау басқармаларына үлкен тапсырмалар берілген.
Жалпы вакцинациялаудың тиімділігін, аурушылық көтерілуі кезінде жаппай екпе алудың, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру маңызды екенін түсінетін уақыт болды. Сонда да байыбына бармай жатып, екпе салдырмаймын деп байбалам салатындар әлі де бар.
Сондай-ақ отбасылық шаралар, шағын тойлар, қонақтық, құдалық, еске алу үйге адам жинау жағдайлары көбейіп кетті. Азаматтардың алдын алу шараларын дұрыс сақтамауына байланысты эпидемиологиялық жағдай күрделенуде. Бұл қауіпті азайтудың басты жолы – вакцинация және ревакцинация, бұрынғы шектеулерді сақтау. Қазіргі уақытта қолданатын вакциналар аурудың ауыр салдарынан және одан болатын өлімнен тиімді қорғайды. Сирек, бірақ вакцинадан кейін аурудың әдеттегі жіті респираторлық вирустық инфекция түрінде болатындығын дәлелдейтін жағдайлар бар. Сондай-ақ әлемдегі тәжірибеге қарасақ, жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін аналарды вакцинациялау уақытынан бері еш жанама әсер тіркелмеген. Өйткені, медицинада екпеге кері көрсетілімдер бұйрықпен регламенттелген, ондай адамдарға бірден екпе салынбайды. Өзімізді, жақындарымызды сақтау үшін, екпе алудан бас тартпайық, барлық шектеу шараларын сақтайық.
Озихан ШАКЕСОВА,
Исатай аудандық СЭБ басқармасы қызметкері эпидемиолог