Исатай ауданында иммундау апталығы өтуде

Иммундау – бұл сырқаттанушылық, мүгедектік және өлім жағдайларының алдын алатын, адам өмірін сақтаудағы ең тиімді шараларының бірі.

Адам өмірін жойып келген көптеген ауруларды осы иммундау арқылы, яғни   алдын алу екпелерін жүргізумен жойған.

Вакцинаның көмегімен түрлі инфекциялардан болатын ауруларды барынша қысқартуға, тіпті көзін түгелдей жоюға да болады. Осылайша вакцинаны халыққа түгелдей егудің арқасында біз адам өміріне айтарлықтай қауіп төндіретін көптеген ауруларды ұмыта бастадық.

Екпесіз Ұлттың болашағы бұлыңғыр екенін дамыған елдер медицинасы мойындаған. Екпе жасау арқылы миллиондаған адамдар, балалар өлімнен, мүгедектіктен аман қалды. Бір кездері халықты жаппай қырған шешек ауруының 1977 жылдан бастап бірде бір жағдай тіркелмегендітен, 1979 жылы КСРО заманында шешекке қарсы екпе тоқтатылып, күнтізбеден шығарылған. 

1796 жылы ағылшын ғалымы Эдвард Дженнер Лондонда шешекке қарсы екпе бекеттерін ашып, белсенді иммунизация жүргізген. Бұл инфекциялық аурулардың алдын алуда ең нәтижелі іс екенін дәлелдеген.

Ал, 2002 жылы әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда полиомелитті жою жұмыстары кең етек алды. Айта кетейік, ең соңғы рет полиомелит елімізде 1995 жылы тіркелді.

Ең алғашқы туберкулез және «В» гепатитіне қарсы екпелер перзентханаларда жүргізіледі. Кез келген вакцинадан кейін баланың ағзасы оған өтпелі реакциямен жауап қайтарады. Себебі, бұл мерзім ішінде ағзаны инфекциядан қорғайтын күш жинақталуы керек. Аздап дене қызуының жоғарылауы болуы мүмкін. Адамды аурудан сақтап қалудың ең тиімді әдісі екпе салдыру.

Мәселен, сал ауруы – өте қауіпті. Аяқ-қолы еркіне көнбей, мүгедек болып қалуға алып келеді. Егер ауруға қарсы егілсе, ауру жеңіл түрде өтер еді, аяққа тұрып кету мүмкіндігі де болады. Екпе алмаған жағдайда міндетті түрде сал болып қалады.

Бөгде зат енген денеде міндетті түрде әртүрлі ревакциялар орын алатыны анық. Алайда мұндай реакциялардың зардабы жұқпалы аурулардың зиянымен салыстырғанда түк емес.

Үкіметіміз кепілді ақысыз медициналық көмек шеңберінде инфекциялық, паразитарлық ауруларға қарсы вакциналармен қамтамасыз етіп отыр. Ата-аналар көбіне жеке көзқарастарынан, вакцинацияға сенімсіздіктен, сондай-ақ діни нанымдарына байланысты бас тартса, жалған ақпараттар да теріс пікір қалыптастыруға септігін тигізуде.

Вакцинациямен қамту вакцинациялануға жататын балалардың нысаналы топтарынан құралады. Яғни 1 жасқа дейін, 1 жас,  6 жас және 16 жас. Әрі қарай кейбір вакциналарды ересектер әр 10 жыл сайын алады.

Бұл балалардың барлығында жарқын, бақытты болашақ болуы керек, яғни мүгедектікке жол бермей, жұқпалы аурулардан ерте сақтануға шақырамыз!

Жоспарлы егулер жыл бойы ауданда емхананың, жергілікті емдеу мекемелерінің екпе кабинеттерінде жүргізіледі. Вакцинация ата-аналардың жазбаша келісімімен жүргізілелі, егер бұрын медициналық көрсетілімдерден бас тарту болса, немесе бар болса онда дәрігердің рұқсаты қажет. Дәрігер вакцинациядан бұрын баланы емханада тексереді, екпе салғаннан кейін де 30 минут бақылайды.

2022 жылдың 24 - 30 сәуір аралығында «Еуропалық иммундау апталығы» жарияланған. Мақсаты – жұқпалы аурулардан қорғануда иммундаудың маңызын түсіндіру, белгілі, белгісіз себептермен екпе алмағандарды екпемен қамту. 

Өз балаларыңыздың денсаулығын ойласаңыздар жұқпалы ауруларға қарсы екпеден бас тартпаңыздар. Барлық иммундауға қатысты сұрақпен және екпе алуға аудандық емханаға, жергілікті емдеу мекемелеріне келулеріңізді сұраймын.

Бақытгүл ҚАРТМАҒАНБЕТОВА,

Исатай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521