Исатай ауданында мейірбикелерге құрмет көрсетілді

12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күні. Аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан аудандық ауруханаға арнайы барып, мерекемен құттықтады.  

Денсаулық сақтау саласының ел өмірінде маңызды рөл атқаратыны түсінікті. Мейірбикелердің денсаулық сақтау саласына қосатын үлестері зор. «Ақ халатты абзал жан» деген атау да жайдан жай айтылмайды. Бұл - оларға деген халықтың сенімі, еңбектеріне берген лайықты бағасы. Атаулы мерекеде мейірбикелердің еңбектері ескеріліп, құрмет көрсетілді. Оларға түрлі марапаттар ұсынылып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Шараны ашып берген Исатай аудандық ауруханасының бас дәрігері Жасұлан Жұмағұлов ізгі тілегін білдіріп, бір топ мейірбикеге алғыс хат табыстады.

Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан денсаулық сақтау саласының ел үшін маңызды қызмет атқарып жатқанына тоқталып, пандемия кезіндегі жанкешті еңбектеріне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ бір топ мейірбикеге аудан әкімінің алғыс хатын тапсырды.

Аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұргүл Кабулова, аудандық аурухана кәсіподақ ұйымының төрайымы Сандуғаш Таутанова, аудандық аурухананың аға мейірбикесі Гүльвира Оспановалар да әріптестерін құттықтап, алғыстарын білдірді.

Аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталған мейірбике Бибігүл Сұлтанова:

- Еңбегімізді елеп, марапаттап жатқан аудандық әкімдікке алғысымды білдіремін. Пандемия кезінде біраз қиындық болды. Дегенмен, басымыз аман, деніміз сау, осы күнге жеткенімізге шүкіршілік етеміз. Дүниежүзі болып бір күнді осылай мереке ретінде атап өту мейірбикелерге көрсетілген үлкен құрмет деп білемін. Бар күш-жігерімізді жұмысымызды жоғары деңгейде атқаруға жұмсап, елдің алғысын алуға тырысамыз, - дейді.

Сондай-ақ мейірбикелер аудандық «Жалын» мәдениет үйінің өнерпаздарымен бірге ән шырқап, мерекелік шараны қыздыра түсті. 

Берікбол ҚОНАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521