Исатай ауданына «Саламатты Қазақстан» пойызы келді


Бүгін Исатай ауданына «Саламатты Қазақстан» мамандырылған әлеуметтік пойызы келіп, аудан орталығынан шалғай жерде орналасқан Исатай ауылы стансасына аялдады. 

Пойыз таңертеңгі сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін  тұрғындарға қызмет көрсетеді.


 

Екі күнге тұрақтаған жәрдем пойызы бұдан бөлек ауданымыздың Нарын, Аққыстау ауылдарына да барады. Ауыл тұрғындары  білікті мамандардан (терапевт, стоматолог, офтальмолог, ЛОР дәрігері, хирург, уролог, невропатолог, гинеколог) тегін тексеруден және емдеуден өте алады. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы заманауи диагностикалық және медициналық жабдықтармен (УДЗ, флюорография және т.б.), шағын операциялық бөлмемен, зертханамен, интернетке сымсыз қосылуға арналған байланыс құралдарымен жабдықталған. 
Бұл пойызды ауыл тұрғындары асыға күткені сонша, жасы да, кәрісі де жиналып, жылы қарсы алды. Сондай-ақ, ашылу салтанатында Исатай ауылдық округінің әкімі Асылан Ғұбаш ақ халаттыларға ауыл тұрғындарының ризашылығын жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан да сөз кезегін алып, ауыл тұрғындарына  осы мүмкіндікті құр жібермей, мамандардан нәтижелі көмек алуына тілектестігін білдірді. 

 

Дәрігерлерді бастап келген «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының бас дәрігері Айнұр Игинбаеваның  айтуынша бұл жоба шалғай ауылдағы халық үшін үлкен қолдау, сондықтан тұрғындар барынша тегін медициналық көмек алса дейді.

— Қаралуға, ем алуға келгендердің барлығын қабылдап жатырмыз. Тіпті ауыл тұрғындарына қонаққа келген өзге өңірдің азаматтарына да қызмет көрсетеміз.  
Дәрігерлік құрамда терапевт, хирург, педиатр, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика маманы, жалпы тәжірибелік дәрігер, рентгенолог, кардиолог, стоматолог, офтальмолог, отоларинголог, педиатр, онколог-маммолог, гинеколог және уролог мамандары бар. Қажет болған жағдайда мамандар шағын операциялар жүргізіп, жоспарлы емдеуге жолдама береді. Сондай-ақ, медициналық пойыздың дәрігерлері төсекке таңылған, инсульт алған, ота жасатқан науқастардың үйіне барып та қызмет көрсете алады. Ол үшін дәрігерді үйге шақырсаңыз болғаны, барып, тексеріп, ем-дом жазып береді, - деді бас дәрігер.
Ұзынсонар кезекте тұрған тұрғындардың арасында дәрігер маманға жүгінген ақсақалдың бірі - Исатай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исабай  Хидуллин. Ақсақал пойызға немересімен бірге келген. "Мемлекеттің халық үшін жасаған қолдауынан қапы қалмау керек” деді ол. 
- Мына «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызынан бұрын да хабарымыз бар. Бүгін де немереммен бірге тексерістен өтуге келдік. Денсаулық жағынан арыз-шағым жоқ. Тек қан қысымның жиі көтеріліп кететіні бар. Сол үшін бір тексерістен өтіп алайын деген ниет қой. "Денсаулық - зор байлық"  десек, уақытында ем қабылдаған абзал. Мұндай жобалар шалғай ауылда тұратын біз секілді қарттар үшін үлкен жақсылық деп білемін,-деді қария.

Айта кетейік,  1 мамырдан бастап жолға   шыққан «Саламатты Қазақстан» мамандандырылған медициналық пойызы биылғы  тасқын судан  зардап шеккен аймақ ретінде Батыс өңірінен бастау алған.    Аталған жоба Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен, Қазақстан Республикасы  Денсаулық сақтау министрлігімен және «Самұрық-Қазына» АҚ іске асырылуда.

 

 

Сағыныш ҚАЙЫР

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521