Аудандық аурухана директорының орынбасары Нұргүл Кабулованың айтуынша, Исатай ауданында 5533 жүктілік жасындағы әйел болса, соның 23 пен 40 жас аралығындағы 15-і - бедеулікпен есепте тұрғандар.
Білгеніміздей, аудан бойынша осы уақытқа дейін квотамен жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы 1 отбасы ғана сәбилі болған. Биыл және бір жұпқа квота бөлініп, дайындық жұмыстары жүріп жатқаны белгілі болды.
- Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздегі әр бес-алтыншы отбасының бедеулікпен бетпе-бет келетінін айтып, «Аңсаған сәби» жобасын іске қосуды тапсырды. Өкінішке орай сәбиге зәру отбасылар аз емес. Олардың ішінде медициналық тексерістен өтуге құлықсыз жұптар да жетерлік. Әсіресе, ер адамдар жағы белсіздіктен емделуге намыстанып жатады, - дейді Нұргүл Кабулова.
- Әйелдері қаралғанымен, ері тексерістен өтіп, тиісті емді қабылдамайынша, сәбилі болу мүмкін емес, - дейді маман. Оның айтуынша, бүгінде ерлердің белсіздігі басым. Ал, ер адам ұрығының белсенділігі 0 пайыз болатын болса, жасанды ұрықтану жолымен де балалы болу мүмкін емес. Бірақ, бұл ешқандай үміт жоқ дегенді білдірмейді. Тиісті тексерістерден өтіп, ем қабылдау арқылы аталық ұрықты жандандыруға болады. Егер оның белсенділігі 20-25 пайызға жетсе, жасанды жолымен ұрықтандыруға мүмкіндік бар. Дегенмен, оған дейін де біраз дайындық жұмыстары жүру керек екен. Аудандық орталық аурухана директоры орынбасарының айтуынша, ерлі-зайыптылар квотаға ие болғаннан кейін де бірнеше тексерістерден өтіп, бойларындағы инфекциялардан құлан-таза айыққанша ем қабылдаулары керек. Олай болмаған күнде бұл жолмен де балалы болу екіталай. Яғни, әрекет нәтижесіз болуы мүмкін.
ЭКО бағдарламасы бойынша квотаға қандай жұптар үміткер бола алады?
Бұл сауалымызға аудандық аурухананың гинекологі Нұркен Әлібекұлы жауап берді.
– Жасанды жолмен ұрықтандыруға аналық немесе аталық факторлар себеп бола алады. Аналық факторға әйелдің жатыр түтігінің бітелуі, яғни түтіктің өтімсіздігі себепті ұрықтанған жасушалардың жатырға өте алмауы, сондай-ақ жатырлық факторлар, оған жатырлық ақаулары бар, бір сөзбен айтқанда табиғатынан онамалия әйелдер жатады. Аналық бездердің жұмыс жасамауы да әйелдің табиғи жүктілігіне кедергі болады. Бұдан басқа аурулар немесе инфекциялардан емделу арқылы табиғи жолмен сәби көтеруге толық мүмкіндік бар, - дейді маман.
- Жүктілікті 7-8 жыл бойы күтетін жұптар бар. Отбасылы болғаннан кейін 3-4 жыл тосса бір сәрі. Осынша жыл бойы емделмей, уақыт өткізіп жүріп алу жақсы емес. Кейбір отбасылар бұл мәселені дәрігер маман емес, бақсы-балгерлерге қаралу арқылы шешіп алғысы келеді, - дейді Нұргүл Кабулова. - Бедеулік бірінші және екінші болып 2 деңгейге бөлінеді. Мүлдем жүкті болмаған әйелдер бірінші деңгейдегі бедеулікке, ал, бұрын құрсақ көтеріп, кейін балалы бола алмай жүргендері екінші деңгейдегі бедеулікке жатады. Егер әйел адам жүктіліктен қорғайтын дәрі қолданып немесе басқа жолдармен қорғанып жүрмесе және тұрақты жыныстық қатынаста бола тұра үш-төрт жыл бойы құрсақ көтермесе, ол адамда бедеулік бар. Яғни, дәрігерге көрініп, есепке алынуы тиіс.
- Мемлекет басшысы Жолдауын жариялағаннан кейін көп ұзамай ауруханамызға үш әйел келіп квота жайлы қызығушылық білдірді. Үшеуі де ЭКО-дан үмітті. «Аңсаған сәби» жобасын естіп, алдағы жылы бөлінетін квотаға ие болғысы келетіндіктерін айтқан олардың ішінде бедеулік есебіне тіркелмегендері де бар. Бұл бізге емделуге келмей, есепке тіркелмей жүрген әйелдердің де бетін бері қарататын түрі бар, - дейді Нұргүл Кабулова.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ