Ислам екпеге қарсы емес

Аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен орталық ауруханада екпе мәселесіне байланысты түсінік жұмыстарын жүргізу мақсатында жиын өтті.

Оған аурухана басшысы Б.Төлеген, ақпараттық талдау орталығының аудандағы жұмыстарын үйлестіру бөлімінің маманы Е.Насимуллин, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының теологі Ш.Темірқұлұлы, аудандық ҚДСҚ-ның бөлім басшысы Б.Қартмағанбетова және дәрігерлер мен екпе алудан бас тартып жүрген ата-аналар қатысты.

Алдымен ауданға келген жас маман, дәрігер-педиатр А.Пернебекова жұқпалы аурулардың алдын алу бағытында салынатын екпелерге түсінік берді. Вакцинациялық профилактика жұмыстарының уақытылы, күнтізбеге сай жасалып отыруы мен екпе құрамына да ғылыми тұрғыда тоқталып өтті. Аудандық ҚДСБ-ның маманы Б.Қартмағанбетованың айтуынша, соңғы жылдары ауданымызда сәбилеріне жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық екпе алудан бас тартқан ата-аналар қатары көбейген. Өткен жылдарды айтпағанда, осы жылы дүниеге келген 11 сәбидің ата-анасы екпеден бас тартқан. Ал былтырғы жылы өмірге келген 11 сәби де екпе алмаған. Бүгінгі таңда жалпы 67 бала жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық екпеден бас тартқаны белгілі.

Жиынға келген ата-аналардан себебін сұраған кезде көбінің жауабы екпенің құрамында вирус бар, ол баланың денсаулығына кері әсерін тигізеді деген уәждерін алға тартты.

– Екпе алу тақырыбы менің де алты жылдан бергі жанымды жеп жүргенін дәрігерлер қауымы біледі. Өзімнен өрген ұрпақтарымның алды 6 жасқа келеді, өкініштісі сол - олар екпе алмады. Бірақ, осы жылы мектеп табалдырығын аттағанша бар екпесін салдыртуға жұмыстанудамын және осында отырған балаларына екпе алмай жүрген ата-аналарды вакцинаны уақытында алуға шақырамын, -деді Е.Насимуллин.

Облыстан келген теолог Ш.Темірқұлұлы:

- Құранда екпеге қарсы айтылмаған, оның дәлелі - әр елдің қажылары Меккеге қажылыққа барардың алдында полиомиелит, менингит және тұмауға қарсы екпелерді қабылдайды. Олар екпе алмаған жағдайда, Меккеге баруға рұқсат етілмейді екен. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Кім де кім таңертең «Аджуа» құрмасынан 7 данасын жейтін болса, ол кісі денсаулыққа зиян тиетін ауру сырқаттардан сақтанған болады» деген. Демек, бұл хадистегі нұсқауды түрлі аурулардың алдын алатын екпенің бір түрі ретінде қабылдауға болады, - деді ол.

Иммундау – бұл сырқаттанушылық, мүгедектік және өлім жағдайларының алдын алатын, адам өмірін сақтаудағы ең тиімді шараларының бірі. Сондықтан, балаларымыз сау болып өссін десек, екпеден бас тартпаған жөн.

Анаргүл ҚҰСАЙЫНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521