Әйелдерді онкологиялық аурулардан не қорғайды?

Қарап отырсақ, қазірде ұлт таңдамай, әлемнің әр түкпіріндегі әйелдер арасында дендеп бара жатқан дерттің бірі – жатыр мойнының ісігі.

Еуропа елдерінде жыл сайын жатыр мойны ісігі ауруына 60 мың әйел шалдығып, 30 мың әйел бақилық болады. Дүние жүзінде қазір осы диагнозбен өмір сүріп жатқан әйелдердің саны 175 мыңнан асқан.

Әйелді түрлі сырқаттардан, оның ішінде онкологиялық аурулардан қорғайтын басты нәрсе – ол салауатты өмір салтын сақтау. Біздің елімізде бұл ауру 2015 жылы 1826 әйелде бар екені анықталған. Оның ішінде аурудың асқынған және кең таралған түрі 233 әйелде кездескен, бұл – 12,9 пайыз. Өткен жылғы деректер бойынша, елімізде «жатыр мойны ісігі» диагнозымен есепте тұрған әйелдер саны 11 578 болған.

Жатыр мойнының обыры – бұл жатыр мойнындағы қатерлі ісік. Жатыр мойнының обыры жыныс жолдары арқылы (тек жыныстық қатынастар арқылы ғана емес) берілетін «адам папилломасы вирусы» немесе АПВ деп аталатын вирустан туындайды. Қазіргі кезде адам папилломасы вирусының 100-ден аса түрлері белгілі, оның екеуі – 16 және 18 түрі обырмен аурудың 70% себепкер болады. Әрине, біздің елімізде әлеуметтік жағдайына қарамай, осы кеселдің шеңгеліне ілікпеу үшін алдын ала сақтандыру, ақпараттандыру жұмыстары жүріп жатады. Жұмысбасты қыз-келіншектер мұның біреуін білсе, біреуін білмейді. Мәселен, жыл сайын жыл басында Қазақстанда дәстүрлі түрде жатыр мойнының ісігі туралы хабардар ету апталығы өтеді. Бұл шараға Денсаулық сақтау министрлігінен бастап, Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институты, денсаулық сақтау басқармалары және аймақтық онкологиялық орталықтар мүдделілік танытады. Жоспарлы шаралар шеңберінде барлық жастағы әйелдер тегін гинекологиялық тексерулерден өтуге шақырылады. Тексеру барысында пап-тест (өзгеріске ұшыраған, яғни атипиялық жасуша бар-жоқтығын тексеру үшін жатыр мойнынан жағынды алу) жүргізіледі.

Вирус жатыр мойнының сыртқы жасушаларына енеді, сол жерде ешқандай зиян келтірместен бірнеше жыл бойы тұра береді. Осыдан кейін, қандай да бір себептерсіз вирус жасушаларды бұза бастайды. Жатыр мойны обырын тексерудің мақсаты осы тектес өзгерістерді анықтау болып табылады. Егер олар айтарлықтай ерте кезеңінде байқалса, онда обырдың алдын алуға болады. Егер анықталған патологияны емдеу мүмкін болмаса, онда ол обырға әкеліп соғуы мүмкін, оның барысы ауыр өтеді және өлімге себепші болады.

Жатыр мойны обырының дамуы бойынша қауіпті факторлар: ерте жыныстық жетілу (12 жасқа дейін); жыныстық қатынастың ерте басталуы (18 жасқа дейін); 20 жасқа дейін және 40 жастан кейін босану; ерте басталатын етеккір үзілісі (45 жасқа дейін); анамнездегі жиі аборттар (жүктілікті үзу); әйел адамның және оның ерінің жыныстық сыңарын жиі ауыстыруы; әйел адамда және оның жыныстық сыңарында папиллома вирусты немесе герпесті (ҚГВ-қарапайым герпес вирусы-2) инфекцияның болуы; жыныстық гигиенаның болмауы; кәсіптік зияндар: тау-кен, мұнай өңдеуші заттар, темекі өндірісі, көмір өнеркәсібі; жетіспеушілік күйлері; негізгі себебі – гормоналдық бұзылулар, эстрогеннің жоғарылауы.

Жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу шараларына әйелдердің 1 жылда 1 рет профилактикалық тексеруден өтуі, жеке бас гигиенасы мен жыныс гигиенасын сақтауы, жатыр мойны қатерлі ісігінің алдында кездесетін дерттерден уақтылы емделуі, тиімді тамақтанып, артық салмақпен күресуі, иммундық жетіспеушіліктен емделуімен және салауатты өмір салтын ұстануымен қатар адам папилломасы вирусына қарсы екпе егу жатады. Скрининг тексеру 25.12.2017ж № 995 бұйрық бойынша жатыр мойынының обырын ерте анықтау мақсатында 30 жас пен 70 жас арасында 4 жылда бір рет циталогиялық жұғынды алынады. Қазіргі таңда жатыр мойнының обыры көбейіп және асқыну сатысында анықталып отырғандықтан скринингтік тексеруге шакырылған кезде міндетті түрде емханаға келу сұралады. Қоғамды жатыр мойнының қатерлі ісігінен құтқару үшін бұл ауруды жаңа ғылыми зерттеулер тақырыбы ретінде қарастырғаннан гөрі, скрининг, яғни ерте бастан тексерілу мен егу арқылы алдын алу мүмкіндіктерін пайдаланған жөн.

Ақмарал НАУАНОВА,

онколог дәрігер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521