Мамандар 21 ғасырда адамзат атаулы ақпараттар тасқынына төтеп бере алмау себебінен психологиялық күйзеліске ұшырайтынын жиі айтады. Бірақ одан басқа да үлкен қауіптің бар екенін мойындауға тура келеді. Бұл – экологиялық апат.
Елдерде өндіріс ошақтары мен қарапайым адамдардан шыққан түрлі қоқыс ешқандай електен өтпестен ашы қалаңқайларда сақталып келеді. Ал сыртындағы қалдықтар одан жүздеген есе көп.
Жалпы, тұрмыстық қатты қалдықтардың құрамына тағам, қағаз, металл сынықтары, резеңке, шыны, ағаш, мата және пластик, синтетикалық қалдықтар кіреді.
Полигондардағы тұрмыстық қатты қалдықтар күннің жылынуын емесе өрттің кесірінен еріп, физика-химиялық және биохимиялық үрдістердің жүруіне ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, қоқыстарды сақтау барысында сұйық, қатты және газ тәрізді көптеген улы химикаттар пайда болады. Ал бұның биосфераға және адамзат өміріне үлкен қауіп төндіретіні белгілі. Қоршаған ортаға келетін биогендік әсердің нәтижесінде жәндіктер, құстар, кеміргіштер арқылы бактериялар мен вирустар алыс қашықтықтарға тарайды.
Сонымен қатар, сұйық өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтар топырақ және өсімдік қабатын, жерасты суларын улы заттар мен жоғары деңгейде концентрациялайды. Сол себепті, қоршаған ортадағы қоқыстарды қадағалау, оның заңға сай белгіленген орындарға төгілуі мен тазалануын ұйымдастыру жұмыстары аса маңызды.
Қазақстанның қалдықтар мен жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік саясаты «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамада айқындалған. Онда қалдықтарды бөлектеп жинауды енгізуге мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы инвестиция тарта отырып, қайталама шикізаттан өнім алу бағыты көрсетілген. Сол арқылы қалдықтарды қайта өңдеу секторын дамытуға күш жұмсалмақ. Тұжырымдамаға сәйкес 2030 жылға қарай қалдық өңдеу үлесі 40%-ға, 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізілуі тиіс.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу саласын дамыту мақсатында нормативтік құқықтық база жетілдірілді. Атап айтқанда, Экологиялық кодекске түзетулер енгізілді.
Қатты тұрмыстық және сұйық қалдықтарды кәдеге жарату зауыты мұнай шламдарын кешенді өңдеу технологиясымен қамтамасыз етілетінін және оның қоршаған ортаның ластануына жол бермейтіндігін атап кеткен дұрыс. Мұндай зауыттар құрылыс саласының даму ерекшеліктерін есепке ала отырып, ірі тонналы қалдықтардан өнім алу технологиясын пайдалану мүмкіндігін береді.
Біздің елімізде қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтау,жинау және т.с.с. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 25 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-331/2020 "Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы бұйрығымен қадағаланады. Осы ережеге сәйкес Адам денсаулығына және қоршаған ортаға әсер ету дәрежесіне қарай қалдықтар қауіптіліктің бес сыныбына бөлінеді:
1) 1-сынып – өте қауіпті;
2) 2-сынып – қауіптілігі жоғары;
3) 3-сынып – қауіптілігі орташа;
4) 4-сынып – қауіптілігі аз;
5) 5-сынып – қауіпсіз.
Қауіптіліктің 1-сыныбындағы қалдықтар тұмшаланған ыдыста (болат бөшкелер, контейнерлер) сақталады. Толуына қарай қалдықтар салынған ыдысты болат қақпақпен жабады, қажет болған кезде электрлі газбен дәнекерлейді және қауіпті қасиеттерін көрсете отырып, қауіпті қалдықтары бар қаптаманы таңбалауды қамтамасыз етеді.
Қауіптіліктің 2-сыныбындағы өндіріс қалдықтары агрегаттық күйіне сәйкес полиэтилен қаптарда, пакеттерде, бөшкелерде және зиянды заттардың (ингридиенттердің) таралуына кедергі болатын ыдыстардың басқа да түрлерінде сақталады.
Қауіптіліктің 3-сыныбындағы өндіріс қалдықтары жайылтпай сақтауды қамтамасыз ететін, тиеу-түсіру және көлік жұмыстарын орындауға мүмкіндік беретін және зиянды заттардың таралуын болдырмайтын ыдыста сақталады.
Қауіптіліктің 4-сыныбындағы өндіріс қалдықтары өнеркәсіптік алаңда конус тәрізді үйінді түрінде ашық күйінде сақталады, сол жақтан олар автотиегішпен автокөлікке тиеледі және кәдеге жарату немесе көму орындарына жеткізіледі.
Қорытындылай келе, өзіміз әр өнімді пайдаланған соң, оның қалдығына немқұрайлы қарамау керектігін түсінуіміз керек. Сұрыпталған қоқыстың артында экономикалық өсім жатқанын және оның қоғамға келтірер пайдасының мол екенін барлығы білуі тиіс.
Искакова А.С
Атырау облысының санитариялық – эпидемиологиялық
бақылау департаменті басшысының орынбасары