Қауіпсіз балалар тағамын қалай таңдауға болады?

сурет ғаламтордан

 

Балалар тағамын қалай дұрыс таңдау керек?

Қазіргі уақытта дүкен сөрелерінде сатылатын балалар тағамының ассортименті өте алуан түрлі. Алайда олардың барлығы бірдей қауіпсіз бе? Көптеген ата-аналар баласына қауіпсіз нәресте тағамын қалай таңдау керектігін білгісі келеді.

Балалар тағамына арналған тамақ өнімдері — балалар ағзасының физиологиялық қажеттіліктеріне сәйкес келетін және баланың денсаулығына зиян келтірмейтін, 0 жастан 3 жасқа дейінгі балаларға, 3 жастан 6 жасқа дейінгі мектепке дейінгі жастағы балаларға, сондай-ақ 6 жастан асқан мектеп жасындағы балаларға арналған мамандандырылған тағам өнімдері.

Дұрыс ұйымдастырылған тамақтану балалардың қалыпты физикалық және жүйке-психикалық дамуы үшін үлкен маңызға ие. Ол еңбекке қабілеттілікті, үлгерімді, төзімділікті арттырып, қоршаған ортаның жағымсыз әсерлеріне, жұқпалы және басқа да ауруларға қарсы тұру қабілетін күшейтеді.

Балалар тағамын таңдағанда нені ескеру қажет?

Ең алдымен, өнімнің қаптамасына назар аудару керек. Оның тығыздығы, тұрақтылығы, гигиеналық талаптарға сай болуы және өнімді ұзақ уақыт балғын күйде сақтау қабілеті маңызды. Кейбір тұтынушылар шыны ыдыстағы өнімдерді жөн көреді. Шыны банкалар бұрыннан таныс болғанымен, ауыр әрі қақпағын ашу қиынырақ болуы мүмкін. Шыны ыдыстағы пюрені сатып алғанда әйнегінде жарықтар мен қақпағында зақымның болмауын тексеру қажет. Пластикалық қаптама жеңіл және серуен кезінде алып жүруге ыңғайлы.

Қаптаманың тағы бір түрі — тетрапакет. Бұл картоннан жасалған, кең таралған қаптама түрі. Қазіргі уақытта пластикалық түтікшесі бар нәресте шырындары жиі кездеседі. Мұндай қаптама жеңіл болғанымен, сатып алар алдында оның тұтастығына көз жеткізу керек.

Өнімнің құрамын мұқият оқу маңызды. Компоненттердің тізімін егжей-тегжейлі зерттеу қажет. Кейбір өндірушілер 100 пайыз бір компонентті (жеміс немесе көкөніс) пюре шығарса, кейбір жеміс, көкөніс немесе ет пюрелері аз мөлшерде сумен сұйылтылған болуы мүмкін. Бұл өнімнің қоюлығын реттеу үшін жасалады. Балалар тағамының құрамында консерванттар, бояғыштар, хош иістендіргіштер, ГМО болмауы тиіс. Пюренің құрамында тұз, қант, крахмал және басқа қоюландырғыштардың болмауы — сапалы өнімнің белгісі.

Ет, балық, ірімшік сияқты күрделі тағамдарды таңдағанда, олардың құрамындағы негізгі компоненттердің пайыздық мөлшеріне назар аудару қажет. Бұл баланың белгілі бір өнімді қаншалықты мөлшерде тұтынатынын анықтауға мүмкіндік береді.

Нәрестелерге арналған тамақ өнімдерінде, соның ішінде ана сүтін алмастырғыштарда, май қышқылдарының трансизомерлерінің мөлшері жалпы май қышқылдарының 4 пайызынан аспауы керек. Балалар тағамын өндіру кезінде бензой және сорбин қышқылдарын, сондай-ақ олардың тұздарын қолдануға тыйым салынады.

Сүт және сүт өнімдері балалар тағамында ерекше орын алады. Олар жеңіл сіңетін ақуыздың, кальцийдің, фосфордың және В₂ витаминінің бай көзі болып табылады.

Таңбалауда «балалар тағамы» деген жазу негізгі шрифттен кіші болмауы тиіс. Ана сүтін алмастырғыштардың таңбалануында ана сүтімен емізудің артықшылықтары туралы ақпарат міндетті түрде көрсетілуі қажет.

Таңбалауда мынадай мәліметтер болуы тиіс:
    •    өнімнің атауы;
    •    өндіруші кәсіпорынның атауы және орналасқан жері;
    •    тауар белгісі (тіркелген болса);
    •    таза массасы;
    •    өнімнің құрамы;
    •    тағамдық құндылығы;
    •    жеке ингредиенттердің массалық үлесі (қажет болған жағдайда);
    •    жарамдылық мерзімі және сақтау шарттары, оның ішінде қаптама ашылғаннан кейін;
    •    қолдану және дайындау бойынша ұсыныстар;
    •    шығарылған күні;
    •    сәйкестікті растау туралы ақпарат (құжаттары болған жағдайда);
    •    қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі және мемлекеттік тіркеу куәлігінің нөмірі;
    •    қолдану көрсеткіштері мен қарсы көрсетілімдері.

Бейімделген немесе ішінара бейімделген бастапқы және кейінгі сүт қоспаларының қаптамасында:
«Ерте жастағы балаларды тамақтандыру үшін ана сүтімен емізу ұсынылады» деген ескерту жазылуы тиіс. Ана сүтін алмастырғыштардың таңбалануында балалардың суреттерін қолдануға болмайды.

Балалар тағамы, соның ішінде балаларға арналған ауыз су, мамандандырылған тамақ өнімдеріне жатады. Мұндай өнімдер міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс. Мемлекеттік тіркеуден өткен мамандандырылған тамақ өнімдері бірыңғай тізілімге енгізіледі. Бұл тізілім электрондық деректер базасы түрінде жүргізіліп, рұқсатсыз қол жеткізуден қорғалады. Тізілім мәліметтері жалпыға қолжетімді және интернет желісінде күн сайын жаңартылып отырады.

 

Б.С.ҚАРТМАҒАНБЕТОВА,

Исатай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT