Листериоз – адамдар мен жануарлардың жұқпалы ауруы. Ғылыми деректер бойынша листериозбен аурушылық әлемнің 60 елінде тіркелген. Қазақстанда листериоз ресми түрде 2002 жылдан бастап тіркеліп отыр.
Атырау облысында халық арасында листериозбен аурушаңдық алғаш рет 2002 жылы зертханалық жолмен расталып, листериоздың 1 жағдайы тіркелді. Содан бері біздің облысымызда кейбір жылдары тұрғындардың листериозбен аурушаңдығы бірлі-жарым тіркелуде.
Табиғатта листериоздың негізгі көзі жабайы, үй жануарларының және құстардың көптеген түрлері болып табылады.
Жануарлар ауру кеміргіштерден бөлінген листерия қоздырғыштарымен ластанған су және жем, сондай-ақ ауру жануарлардан жұқтырады. Листерия қоздырғыштарымен ластанған суқоймалары эпизоотологиялық және эпидемиологиялық тұрғыдан қауіпті.
Ауру жануарлар қоздырғыштарды сыртқы ортаға несеп, нәжіс, мұрыннан бөлінген шырыш, көзден аққан бөлінді, сүт, қағанақ сұйықтығы арқылы бөледі. Ошақтарды сақтап тұруда жасырын клиникасы бар жануарларға айрықша мән беріледі. Листериоз қоздырғышы ауырған қой, ірі қара малы, шошқалар ағзасында 30 күнге дейін, кейбір кеміргіштердің түрлерінде 260 күнге дейін, иксодты кенелерде 500 күннен аса сақталады. Сыртқы ортаға төзімді, төмен температураларды жақсы көтереді. Әртүрлі тамақ өнімдерінде (сүт, май, ірімшік, ет т.б.) үй тоңазытқышының температурасында көбейеді.
Адамның листериозды жұқтыруының негізгі жолы – алдын-ала термиялық өңдеуден өтпеген әртүрлі тағамдарды қолдану барысында жүзеге асады.
Адамдар листериозды тиісті термиялық өңдеуден өтпеген немесе термиялық өңдеусіз қолданылған, зақымдалған азық-түліктерді тағамға қолданғанда жиі жұқтырады. Көбінесе көкөністердің зақымдалуы, әсіресе егінді суару үшін ағынды суларды, ал тыңайтқыш үшін көңді қолданған участкелерде жиі кездеседі. Дайындалғаннан кейін жарамдылық мерзімі шектеулі көкөніс салаттары ерекше қауіпті.
Иммунитеті әлсіз адамдар, сондай-ақ жүкті әйелдер және олардың сәбилері осы жұқпаға өте сезімтал болып келеді.
Листериоздың жасырын кезеңі 3 күннен 40 күнге дейін, кейбір жағдайларда 1,5-2 айға дейін созылады. Баспа, пиелонефрит, септицемия, менингит, энцефалит, ішкі органдардың әртүрлі зақымдалуына, жатыр іші және цервикальды қабынулардан кейінгі түсіктерге, балалардың ерте өліміне және өлі туылуына әкеледі.
Адамнан адамға жұқтыру анықталмаған. Тек жүкті әйелдер ғана жұқпаны іштегі нәрестесіне жұқтыра алады. Жүкті әйелдер листериозды жиі жұқтыратын болғандықтан, адамдардың әлсіз тобына жатады. Бұл жүктілік кезінде иммунитеттің төмендеуімен байланысты. Сондықтан жүкті әйелдер өзінің денсаулығына айрықша назар аударып, ұзақ термоөңдеуден өтпеген, тез дайындалатын тамақ өнімдерін (мысалы, гамбургер), сондай-ақ тұзсүзбе, жұмсақ ірімшіктер және шикі сүтті рационнан алып тастау керек.
Дұрыс тамақтану әрбір адамның денсаулығының кепілі екендігін әркез естен шығармау қажет.
Листериоз емделетін ауру. Уақтылы басталған ем ағзаның әртүрлі асқынуларын болдырмайды.
Жаңа туған нәрестелерде, акушерлік-гинекологиялық сипаттағы ауырлығы бар жүкті әйелдерде, сондай-ақ топырақпен немесе жануарлармен үнемі қатынаста болған адамдар листериоздың алдын алу үшін тексеруден өтуі қажет.
Жоғарыда көрсетілген ұсынымдарды сақтай отырып, әрбір адам өзін листериозды жұқтырудан сақтай алады.
Аймұратова Алтынгүл Бөкенбайқызы
Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары