Әкемізді емдеген исатайлық дәрігерлерге мың алғыс

Елде төтенше жағдайлар режимі алынғаннан кейін аты жаман ауру өрши түсті. Карантин кезінде ауру тарап жатқандығын естісек те, сеніңкіремей жүргеніміз де жасырын емес.

Жақындарымыз науқастана бастағанда бұл індеттің қауіптілігін сезіндік. Әкемнің де, анамның да бірден қызуы көтеріліп, ауруға шалдықты. Несін жасырайық, дәрі-дәрмек табудың өзі қиындап, ағам, қарындасым, басқа да жақын достарымызбен дәріхана жағалап кеттік. Әупіремдеп жүріп дәрілерге қол жеткізіп, үй жағдайында емделген анамның дертіне шипа табылып, бір уайымымыз сейілгендей болды. Әкеміздің де қызуы басылып, жүрегіміз орнына түскен. Алайда, ертесіне оның науқасы қайта сыр беріп, демігу байқалып, жедел жәрдем шақырттық. Сөйтіп, өкпе қабынуы сезілген әкем аудандағы провизорлық стационарға жатқызылды. Барлық үміт дәрігерлердің қолында болды. Сау болсын, дәрігерлеріміз барын салып жүр. Тіпті нағыз білекті жігіттердің ғана шамасы жететін оттегі баллондарын мейірбикелер тасып жатқанын көзбен көрдік. Басқа аурулармен бірге әкемізге қамқор болған сол мейірбикелерге айтар алғысымыз шексіз.

Одан әрі мамандар белгіленген хаттамаға сәйкес ем-домдарын жасады. Сегіз күн оттегі баллонымен демалып жатып ем алған әкеміз соңғы екі күнде өздігінен тыныс алып, жағдайы біраз қалыпқа келді. Артынша ауруынан айығып ортамызға оралды.

Аудандық стационардағы дәрігерлерге, мейірбикелерге, санитарларға, сол саладағы барлық қызметкерлерге отбасымыздың атынан ризашлығымызды білдіреміз. Еліміз аман болсын, ешкім ауырмасын. Аты өшкір індет іргесін адамзаттан аулақ салсын!

Бекболат НАУРЫЗАЛИЕВ,

Х.Ерғалиев ауылының тұрғыны

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521