«Кеткендер кетті ғой, қалғандарымыз сақтана жүрейік»

Тұщықұдық ауылының тұрғыны, кезінде Чернобылдағы апатты ауыздықтауға атсалысқан азамат Қапизолла Мусиннің де тәжді тажалдың тұзағына іліккендердің бірі болды.

Айтушылар ол кісі облыстық ауруханаға өкпенің қабынуымен хал үстіндегі жағдайда жөнелтілгенін жеткізген. Кейін зейнет жасындағы оның аурумен алысуда екендігі жайлы хабар да жетіп тұрды. Естігендердің бәрі ауылдастың аман қалуына тілекші-тұғын.

Жуырда ұялы телефоныма бейтаныс бір нөмірден қоңырау келді. Хабарласып тұрған Қапекең, халсіз жағдайда ауруханаға аттанған сол Қапизолла ағамыз екен. Ауруханадан шыққанын естігенімді айтып, жағдайын сұрап, сауығып кетуіне ниеттестігімізді білдіріп жатырмын. Ауыр өткен аурудан кейін әлі де әлсіздігі бар ол кісі жаймен сөйлеп отыр.

-... Қатты қиналдым, басқаның басына бермесін оны. Газеттесің ғой, ауылдастарға аурудан сақтануға барынша көңіл бөлулері қажеттігін жеткізгім келген. Бұл, өзім кеттім-бардым болып жатқанда ойыма келген жайт еді, сол кезде арттағылардың амандығын ойлап, «Сақ болыңдаршы, тірілер!» деп қайталай айтып жатқам іштей. Неге екенін білмеймін, өзімді емес, өзгелерді ойлаппын, шамасы жаным әбден қиналыа, тірліктен үмітімді үзіп жатқандықтан болар. Шүкір, екі өкпемнің қабынуы 75-80 пайыз жағдайында болған мен дәрігерлердің арқасында тірі қалдым, көрер жарығым таусылмапты. Емдеуші дәрігерім бәрі артта қалғанын айтқанда, бастапқыда бұған сене алмадым, тіпті. Қысқа-қысқа сөйлеген ағамыз бәріміздің сақтық шараларын мұқият сақтауымызды, көпшілік жерге бармауымызды, той-топыр дегеннен тыйыла тұрғанымызды, өзіміздің, отбасымыздың, айналамыздың амандығын әрбіреуіміз ойлауымыз керектігін үзіп-үзіп жеткізген. Тілдесіп бола келе: «Кеткендер кетті ғой, алдарынан жарылқағай, қалғандарымыз сақтана жүріп, аман болайықшы» деген аға тілегін сол қалпында қағазға түсіріп, оқырман назарына бергенді құп көрдім.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521