Кішкентай кенеден үлкен кесапат келеді

Қазақстан Республикасында өткен жылы Конго-Қырым қанды қызбасының 16 жағдайы, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында – 8, Жамбыл облысында – 6 және Қызылорда облысында 2 жағдайы тіркелді. Ауырған 16 адамнан 4 (25 %) жағдайда өліммен аяқталды, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында - 2, Жамбыл және Қызылорда облыстарында - 1 жағдайдан тіркелген.

Конго-Қырым қанды қызбасы – жіті трансмиссивті табиғи-ошақты жұқпалы ауру. Негізгі қоздырғыштың көзі, вирусты сақтаушы және ауру таратушы – иксодты кенелер. Вирус-тың уақытша резервуары жануарлар (ірі қара мал, қойлар, ешкілер) болып табылады. Конго-Қырым қанды қызбасының қоздырғышы трансмиссивтік (иксодты кенелер шаққан кезде), байланыс және аэрогендік жолмен беріледі.

Адам ауруды зақымдалған кенелер шаққан, малды қырыққанда және оларды кенелерден қолмен тазартқан кезде кенелердің ішіндегісінің дененің ашық бөліктеріне түсуі нәтижесінде, науқастарды күткенде және оларға медициналық көмек көрсеткенде жұқтырады. Кенелер адам мен малдарға ерте көктемде және жазда шабуыл жасайды.

Егер кене денеге қадалып үлгерген болса, онда оны қолмен ажыратпай, сақтықпен алған жөн. Денеге қадалған кенені пинцет қолдана отырып, теріге қадалған тұмсығын қалдырмауға тырысып, сағат тілімен ақырын шығарып алу қажет. Бұл қолға қолғаптар кию арқылы жүзеге асуы тиіс.

Кенені алып шыққан соң қолды сабындап жуып, ал шаққан жерді йодпен залалсыздандырады. Алынған кенені құтыға салып (шыны ыдыс, герметик қорап, т.с.с.), кене жұқпасының болуына зерттеу үшін арнайы зертханаға жолдайды.

Кене шаққан адамдар тұрғылықты жері бойынша емдеу-алдын алу мекемесіне қаралып, екі апта бойы диспансерлік бақылауда тұруға міндетті. Медициналық бақылау Конго-Қырым қанды қызбасымен науқастарды ерте анықтау және жұқпаның әрі қарай таралуын болдырмау мақсатында жүргізіледі.

Өз бетімен емделмеген жөн, бұл адам өміріне қауіпті. Егер Сізді кене шағып алса, дереу дәрігерге қаралыңыз.

Кенеден қалай сақтануымыз керек?

- кененің денеге жанасу мүмкіндігін азайтатын киімдер кию;

- жабысқан кенелерді анықтау үшін өзіне және бір-біріне жиі (әрбір 10-15 минут сайын) бақылау жүргізу;

- тікелей шөпке отырмау және жатпау;

- табиғат аясынан оралғаннан кейін киімді және денені толықтай қарап шығу;

- кенелер болуы мүмкін екенін ескере отырып, тұрғын жай және өндірістік бөлмелерге жаңадан жұлынған гүлдерді және сырт киімдерді кіргізбеу;

- кенелерді жасқандыратын арнайы дәрі-дәрмектерді пайдалану қажет.

Міне, осы қарапайым ережелерді дұрыс орындасақ, Конго-Қырым қанды қызбасын жұқтыру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады.

Зульфия ҚАЙРЕДЕНОВА,

Атырау облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің карантинді және аса қауіпті жұқпалы ауруларды эпидқадағалау бөлімінің бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521