Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары туралы

 

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – жіті трансмиссивті табиғи-ошақты жұқпалы ауру. Инфекцияның негізгі көзі - вирусты сақтаушы және тасымалдаушы иксодты кенелер.

Вирустың уақытша резервуары жануарлар (ірі мүйізді мал, қой, ешкі), табиғи биотоптарда – қояндар, кірпілер, құстар. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы қодырғышы трансмиссивті (кене шағуы арқылы), байланыс және ауа-тамшылы жолдармен беріледі.

Адам  зақымдалған кененің шағуы арқылы, малды қырыққанда және оларды кенелерден қолмен тазартқан кезде кенелердің ішіндегісінің дененің ашық бөліктеріне тиюі нәтижесінде, науқастарды күткенде және оларға медициналық көмек көрсеткенде ауруды жұқтырады.  

Инкубациялық кезең 1 күннен 14 күнге дейін созылады. Ауру 39-40о-қа дейін жоғары температурамен, бас ауруы, қалтырау, бұлшықеттер, буындар, іш және бел  ауырсынуымен жедел басталады. Біраз уақыттан кейін сыртқы және ішкі қан кетулер басталуы, медициналық көмекке уақытылы жүгінбеген жағдайда тіпті өлімге әкелуі де мүмкін.

Кене денеге бірден жабыспайды, сондықтан оны дер кезінде алып тастау ауруды жұқтырудың алдын алады. Кенені алғызу үшін тез арада медициналық мекемеге (травматология пунктіне) бару керек. Кенелерді жалаң қолмен алып тастауға немесе жаншуға болмайды. Егер кене денеге жабысып үлгерген болса, оны қолмен жұлып алмаңыз. Денеге қадалған кенені пинцетпен немесе жіп ілмекпен тері ішіне енген тұмсығын қалдырмай сағат тілімен айналдыра отырып, қолғаптар киген қолдармен алу қажет.

Кенені алып тастағаннан кейін қолыңызды сабынмен жақсылап жуып, орнын йод ерітіндісімен залалсыздандырған жөн.

Кене шаққан адамдар тұрғылықты жері бойынша медициналық мекемеге қаралып, 14 күн бойы диспансерлік бақылауда болуы тиіс.

Әрбір адам кене шағуынан қорғану үшін келесі ережелерді сақтауы:
- табиғат аясында жүргенде кенелерді жасқандыратын репелленттермен киімді пайдалану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес өңдеу;
- киімге жабысқан кенелерді анықтау үшін өзіне және бір-біріне жиі (әрбір 10-15 минут сайын)  бақылауды жүргізу;
- тікелей шөпке отырмау және жатпау;
- табиғат аясынан келгеннен кейін киімді және денені толықтай қарап шығу;
- кене болу мүмкіндігін ескере отырып, жаңадан жұлынған гүлдер мен сырт киімдерді бөлмеге әкелмеу;
- үй жануарларынан кенелерді жинаған кезде қолғап кию қажет.

Осы қарапайым ережелерді сақтау арқылы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтырудан өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ете алатыныңды есіңізде сақтаңыз.

 

Ирбатырова Гүлназ Абайқызы
Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT