Қазіргі еңбек нарығында жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — маңызды мәселелердің бірі. Әсіресе өндірістік кәсіпорындарда, құрылыс, кен өндіру, көлік, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда кәсіптік жарақаттар жиі кездеседі. Кәсіптік жарақат — бұл жұмыс процесі кезінде қызметкердің денсаулығына зиян келтіретін күтпеген жағдай немесе апат.
Кәсіптік жарақат — жұмыс орнында немесе жұмысқа байланысты орында жұмыс уақытында болған дене жарақаты. Ол жеңіл жарақаттан бастап, ауыр мүгедектікке немесе өлімге дейін апаруы мүмкін.
Көптеген жарақаттар еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтамау салдарынан болады. Төменде ең жиі кездесетін себептер келтірілген:
- Қауіпсіздік техникасын сақтамау;
- Арнайы қорғаныс құралдарының болмауы немесе қолданылмауы;
- Жұмысшылардың дұрыс оқытылмауы;
- Жабдықтардың техникалық ақауы;
- Жұмыс орнын дұрыс ұйымдастырмау;
- Ауыр еңбек және шамадан тыс жұмыс;
- Адам факторы (салғырттық, ұйқышылдық).
Кәсіптік жарақаттар әртүрлі болады. Олар жеңіл, орташа және ауыр деп бөлінеді.
1.Механикалық жарақаттар:
- Сүйек сынуы
- Жарақаттар, көгерулер
- Аяқ-қолдың қысылып қалуы
- Құлау (биіктіктен, тайып кету)
- Химиялық жарақаттар:
- Қышқылдар немесе улы заттармен күйік алу
- Улы газбен улану
- Термиялық жарақаттар:
- От, бу, ыстық заттардан күйік
- Суықтан үсік
- Электр жарақаттары:
- Тоқ соғуы
- Электр құралдарымен дұрыс жұмыс істемеу салдары
- Шулы немесе дірілді әсерлер:
- Ұзақ уақыт шулы ортада жұмыс істеуден болатын есту қабілетінің төмендеуі
- Дірілді құралдармен жұмыс істеуден болатын жүйке-бұлшық ет жүйесінің аурулары
Жарақаттың салдарыда әртүрлі болуымүмкін:
- Уақытша еңбекке жарамсыздық
- Мүгедектік
- Созылмалы аурулар
- Психологиялық күйзеліс
- Кей жағдайларда — өлім
Кәсіптік жарақаттардың алдын алу — жұмыс беруші мен қызметкердің ортақ міндеті. Төмендегі шараларды сақтау қажет:
Жұмыс берушіге қойылатын талаптар:
- Жұмыс орнында қауіпсіздік ережелерін сақтау;
- Жабдықтардың дұрыс жұмыс істеуін бақылау;
- Қызметкерлерге қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқама беру;
- Арнайы киім, каска, қолғап, көзілдірік сияқты жеке қорғаныс құралдарын беру;
- Жұмыс орнын таза және қауіпсіз күйде ұстау.
Жұмысшыға қойылатын талаптар:
- Еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтау;
- Арнайы қорғаныс құралдарын пайдалану;
- Тәуекелді жағдайлар туралы басшылыққа хабарлау;
- Шаршаған немесе ауру кезінде жұмыс істемеу.
Қазақстан Республикасында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселесі Еңбек кодексімен және «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы» заңымен реттеледі. Әр жұмыс беруші қызметкерлердің қауіпсіз еңбек етуіне жағдай жасауға міндетті.
Кәсіптік жарақаттар — тек жеке адамның ғана емес, бүкіл өндіріс процесінің тиімділігіне әсер ететін маңызды мәселе. Қауіпсіздік — әрбір адамның құқығы. Сондықтан еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтау, жарақаттардың алдын алу және салауатты жұмыс ортасын қалыптастыру — бәріміздің ортақ міндетіміз.
А. Искакова
Атырау облысының санитариялық – эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары