Құтыру- бұл аса қауіпті жіті вирустық жұқпалы ауру. Құтыру сирек кездесетін ауру болғанымен адам үшін абсолютті летальды инфекция.
Вирусты тасымалдаушыларға жыртқыш аңдар: қасқыр, түлкі, қарсақ, шибөрі және үй жануарлары жатады. Үй жануарлары инфекцияны ауырған жабайы аңдармен жанасу кезінде жұқтырады.
Құтыру вирусымен ауыратын жануар сау адамды тістеп алғанда немесе терінің зақымдаған жеріне олардың сілекейі түскен кезде вирус ағзаға енеді. Вирус ағзаға енгеннен кейін, алғашқы белгілерінің білінуі 10 күннен 1 жылдан артық уақытқа созылуы мүмкін, ұзақтығы тістелген орынға байланысты.
Құтыру ауруының емі жоқ, алайда алдын алуға болады. Құтырудың алдын алу мақсатында құтыру вирусымен ауыратын жануар сау адамды тістеп алған жағдайда құтыруға қарсы екпе курсын алу үшін, тұрғылықты жері бойынша травматологиялық пункттерге медициналық көмекке қаралуы керек. Әрбір адамды өлімнен құтқарудың жалғыз әдісі - жүйелі құтыруға қарсы екпе алу екенін білу қажет.
Ауданымызда құтыру ауруы адам және мал арасында тіркелген жоқ. Алайда, жануарлар тістеуінен жарақат алған адамдар бойынша 2025 жылы антирабиялық көмекке жүгінген -15 адам. Өткен жылмен салыстырғанда 6 жағдайға төмендеген. (2024 жылы -21 жағдай, 2025 жылы -15 жағдай ). Әйтсе де, жеке қожалықтар иелігіндегі сиыр, түйе, қой - ешкі малдарын белгісіз жабайы түлкі, қарсақ жануарлары тістеп зақымдану жағдайлары Аққыстау, Тұщықұдық (қызыл үй), Қамысқала (Тасоба) елді мекендерінен тіркелді. Сондықтан, құтырма ауруын болдырмау үшін мынадай сақтық шараларын ұстанған жөн: ит пен мысықты ұстау ережесін сақтау және де итті аулада байлаулы күйде ұстау; балаларды бөтен ит, мысықтарға жақындап ойнамауды түсіндіру керек; үйдегі ит, мысық және ауылшаруашылық малдарын құтырмаға қарсы екпеден өткізу; егерде сіздің итіңізді болмаса қожалығыңыздағы малыңызды бөтен жануарлар тістеп алған болса, ол малды дереу оқшаулап оған жақындамауға және жануарыңыздың мінез-құлқы өзгерсе, ветеринарлық дәрігерді шақырту қажет.
Улданова Айба Шалқарқызы
Исатай аудандық СЭБ басқармасының жетекші маманы


