Құтырудың алдын алу шаралары

фото: интернеттен

 Құтыру ауруы – жүйке жүйесін қатты зақымдайтын вирустық ауру. Бұл дерттің адамдарға құтырған жан-жануарлар тісін батырғанда, терісінің зақымданған жеріне олардың сілекейі жұққанда пайда болып, қозуы мүмкін. Негізінен, құтырған жан-жануарлардың сілекейі ауру белгісі білінбестен, бірнеше күн бұрын-ақ жұқпалы болады.

 Құтыру ауруы адамдарға көбінесе үй хайуанаттарынан – иттерден, мысықтардан (сирек кездеседі), сондай-ақ ет қоректі аңдардан (қасқыр, түлкі) тарайды. Ауырған ит тынышсызданады, тамақ жемейді, одан кейін су көрсе үрейленіп, абалай бастайды, үргенде даусы қарлығып шығады, аузынан сілекейі шұбырады. Адамдар инкубациялық (білінбейтін) кезең өткеннен кейін ауыра бастайды, ол жарақаттың ауыр – жеңілдігіне қарай 10 күннен 1 жылға дейін, көбінесе 1-3 айға созылады: адам еліріп, тыныс алысы бұзылады, жұтынуы қиындайды, аяқ-қолының жаны кетеді. Құтырған ит қапқан адамды сақтандырудың бірден-бір шарасы – емдік егу болып табылады. Сондықтан ондай жағдайда дереу дәрігерге көріну керек. Құтыруды қоздырушы туралы не білеміз? 
Құтыру – бұл жүйке жүйесінің ауыр зақымданумен өтетін, әдетте өліммен аяқталатын жіті вирусты ауру. Қандай жануарлардан құтыруды жұқтыруға болады? Құтыру вирусы адамға ауру жануарлардан беріледі: иттер, мысықтар, түлкілер, жанаттар, қасқырлар, ақ түлкілер, шиебөрілер, жарғанаттар. 
Құтыруды жұқтыру қалай өтеді? 
Құтыруды ауру жануардан төменгі жағдайларда жұқтыру мүмкін: 
1. Ауру жануар тістеген кезде; 
2. Ауру жануардың сілекейі терінің зақымданған бөлігіне түскен кезде (сызат, жара, жарақат). Қандай алдын алу шаралары бар? 
Құтыруды алдын алу мақсатында жануар тістегенінен кейін, тырнағанынан және сілекейінен залал тартқан кісілердің барлығы құтыруға қарсы екпе курсын алу үшін тұрғылықты жері бойынша емдеу мекемелерінен медициналық көмек сұрауы керек. Тістеген жарақатты ағынды сумен және сабынмен жуу керек. Әрбір адамды өлімнен құтқарудың жалғыз әдісі – жүйелі құтыруға қарсы екпе комплексін өткізу екенін білу қажет. Медициналық тәжірибеде іс жүзінде асқынуды туғызбайтын және жоғары дәрежелі иммунитетті қалыптастыратын құтыруға қарсы вакцина қолданылады. Құтыруға қарсы вакцина  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен  куәландырылған және екпе тегін өткізіледі.

Исатай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
 бақылау басқармасының басшысы Б.Картмаганбетова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT