Өткен жылдың соңына қарай өзектілігі күшейген қызылша дерті жаңа жылда да жайбарақат қояр түрі көрінбейді. Өткен жылды қоса алғанда күні бүгінге ауданда алғашқы диагнозы бойынша қызылшаға күдікті 110 адам тіркеліп, оның ішінде 53 жағдайда қызылша зертханалық жолмен дәлелденген. Алайда сырқаттанушылық жағдайының апта сайын тіркелуі аурудың әзірге айылын жия қоймағанын көрсетеді.
Жаңа жыл басталысымен аудандық деңгейде өткізілген басқосулардың бірі де осы қызылшаның қанат жаюына қаысы болуы содан, Қаңтардың 4-і күнгі өткен «Қызылша аурушылығы және оның алдын алу шаралары, екпе жұмыстары» туралы әңгіме қозғалған аудандық штабтың бұл кеңейтілгін жиналысына аудан әкімінің орынбасары Н.Абежан төрағалық етті. Оған барлық ауылдық округ әкімдері, аудандық орталық аурухана басшысы мен ауылдық жерлердегі медициналық мекемелер дәрігерлері, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары, аудандық білім бөлімі басшысы, мектептер мен бөбекжай-бақшалар басшылары және медбикелері қатыстырылды.
Кеңейтілген жиында күн тәртібіндегі мәселеге орай аудандық мекемелер басшыларың ақпараттары тыңдалып, сұрақтар қойылды, тиісті тұлғаларға мәселеге байланысты тапсырмалар берілді.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР