Исатай ауданы бойынша 28 тамыз айынан бастап күні бүгінге дейінгі аралықта алғашқы диагнозы бойынша қызылшаға күдікті 72 жағдай тіркелді. Олардың ішінде зертханалық жолмен дәлелденгені - 31 жағдай.
Зертханалық жолмен дәлелденген жағдайлардың кәсіби мамандығы бойынша: ұйымдастырылмаған балалар – 7 жағдай (22,5%), ұйымдастырылған балалар – 3жағдай (9,6%), мектеп оқушылары – 10 жағдай (32,2%), студент - 2 жағдай (6,4%), басқалары – 9 жағдай (29%).
Ауылдық округтер бойынша:Аққыстау ауылдық округі-35, Х.Ерғалиев -9, Жанбай-12,Тұщықұдық-7, Исатай-3, Нарын-6.
Екпе статустары бойынша: профилактикалық екпелерден бас тартқан – 9 жағдай (29%), қызылшаға қарсы екпесін алғандар – 18 жағдай (58%), екпеге жасы жетпеген – 2 жағдай (6,4%), екпе статусы белгісіз-2 (6,4%).
Қызылша - вирустық инфекция бұл жылдам таралатын жұқпалы ауру. Ауруды оңай анықтауға болатын ерекше белгілері бар (бөртпе). Инкубациялық кезең бірнеше аптаға созылады.
Жұғу жолы: Инфекция ауа тамшылары арқылы беріледі. Науқаспен байланыста болған кезде (сөйлесу, түшкіру, жөтелу кезінде) бұрын қызылшамен егілмеген және ауырмаған адам 100% дерлік жұқтыруы әбден мүмкін.
Ауру алғашында бөртпе пайда болып басталмайды. Қызылшаның алғашқы белгілері суық тию , немесе жедел респираторлы вирусты инфекция белгілеріне өте ұқсас яғни, дене қызуы 38-40 градусқа көтерілу, әлсіздік, тәбет тартпау, құрғақ жөтел, мұрыннан су ағу, сонымен қатар коньюктивит-көзі қызарып қабыну пайда болады. Қызылша ауруына тән алғашқы белгі – азу тістердің түбіндегі дақтарды көру арқылы байқауға болады.
Қызылшаның алдын алуда тиімді әрі сенімді шаралардың бірі – екпе (вакцина). Қызылшаға егілу арқылы сақтану иммунитетін қалыптастырады. Бірінші екпе бала 1 жаста, екінші екпе бала 6 жаста болғанда жүргізіледі. Екпе 15 жыл бойы тұрақты, сақтау тиімділігін қамтамасыз етеді. Екпе алмаған жағдайда жұқтыру қаупі өте жоғары екенін тағы да ескертеміз.
Сондай-ақ, аурудың алдын алудың бірден бір жолы қызылшамен ауырған баланы басқа балалардан бөлек ұстаған жөн. Қызылшамен ауырып жатқан баласы бар үйге басқа үйдің балаларының қатынасуын шектегеніміз абзал.
Айба УЛДАНОВА,
аудандық СЭБ басқармасының
жетекші маманы