ҚЫЗЫЛШАДАН ЕКПЕ ҒАНА ҚОРҒАЙДЫ

Сурет: ашық дереккөз

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының 2018 жылғы мәліметі бойынша қызылшадан 140 мыңнан астам адам ауырған,олардың ішінде жиі ауырған және жоғары өлім көрсеткіші болған 5 жасқа дейінгі балалар. Жалпы вакцина арқылы басқарылатын ауруларды толықтай жеңу немесе аурудың  асқыну салдарын азайту үшін екпеге жататын мақсатты топтың 93-95% екпемен қамтамасыз етілуі керек.

Қызылша –вирусты жұқпалы ауру. Ауру ауа-тамшы жолымен таралады. Аурудың  негізгі белгісі – науқас денесінде сатылап бөртпелердің пайда болуы, яғни бөртпе шаш сызығынан басталып, бетіне, мойын, кеудесіне қарай төмен таралады. Кішкене төмпешіктер пайда болуы мүмкін, дақтар таралу кезінде бір-біріне қосылуы мүмкін.

Қызылшаның вирусы адам ағзасына тыныс алу жолдары арқылы енеді, көбейіп, қанға таралады.

Қызылша ауруы алғашында жіті респираторлық ауруға(ОРВИ) ұқсайтын белгілерден басталады, ол - дене қызуының жоғарылауы, жөтел, мұрнынан су ағуы, көздің жасаурауы, склерасының қызаруы. Конъюнктивит белгілері айқындалып, науқастың ауыз қуысының шырышты қабатында, ұртында ақ түсті Филатов-Коплик дақтары болады. Симптомдар басталғаннан кейін 3-5 күнде бөртпелер пайда болады. Теріде бөртпелер пайда болған кезде ауыз қуысындағы Филатов-Коплик дақтары кетіп қалады.

Кейін аурудың реңдену кезеңінде дақтар шыққан кездегі реттілігі бойынша кете басайды. Науқас денесіне бөртпелер пайда болғанға дейін 4 күн және пайда болғаннан кейінгі 4 күн ішінде жұқпалы болып саналады.

Қызылша ауруы өзінің асқынуларымен қауіпті, олар – ортаңғы құлақтың, өкпенің, кеңірдектің, бронхының, ми қабықтарының қабынуы. Бұл дерт онымен ауырған адамды мидың зақымдануынан өмірлік мүгедектікке, соқырлыққа және кереңдікке әкеліп соғуы мүмкін .

Қызылшаның емі туралы айтсақ, оны емдеуде арнайы дәрі жоқ. Антибиотиктер тек қызылшадан болған асқынуларды емдеуге тағайындалады. Науқастарға құнарлы тамақтануға, жиі сұйықтық ішуге, дене қызуын  түсіретін дәрі-дәрмек қабылдауға кеңес береміз.

Қызылшадан қорғану жолы - ол тек вакцинация. Екпелер профилактикалық екпелердің Ұлттық күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинациялау баланың 1 және 6 жасында тегін жасалады. Бұл екпе алған бала немесе ересектер ауырмайды деген сөз емес, ауру жұқтырғанның өзінде ауру жеңіл, асқынусыз өтеді.

Қазіргі таңда Исатай ауданы бойынша жалпы қызылша ауруымен тіркелген науқастар саны - 24, оның ішінде бала саны - 15, ересектер - 9. Солардың ішінде екпені саулығына байланысты алмағандар саны - 2, екпеден бас тартқандар саны - 2, екпе алуға жасы жетпегендер - 1, екпе статусы белгісіз - 1, екпе алғандар саны - 14.

Республикасы бойынша қызылша ауруы өршуіне байланысты үстіміздегі жылғы 1 қарашада, Мемлекеттік санитарлық дәрігердің №7 қаулысына сәйкес, қызылшаға қарсы жалпы иммундау жүргізу жарияланды. Екпеге жататын контингенттер:

-6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балалар;

-2 жастан 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балалар;

-қызылшаға қарсы екпемен қамтылмаған медицина қызметкерлері.

 

Нұргүл КАБУЛОВА,

аудандық аурухана директорының орынбасары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT