Қазіргі уақытта елімізде вакцинамен басқарылатын аурулар бас көтеруде.
Соның ең ауыры - қызылша ауруы балалар инфекциясы саналғанымен оның жұғу көрсеркіштері өте жоғары. Қазір ол короновирус тәрізді жылдам жұғып тез таралады. Ауырған кезде баланың ыстығы көтеріліп денесін бөртпе басады. Жалпы бұл дерт ертеден белгілі. Бірақ ұзақ уақыт бойы бұл аурудың емі табылмаған. Бұл дертті тіпті шешектің жеңіл түрі деп санаған. Вакцина ойлап табылғанға дейін ауру балалардың 85 пайызына жұққан. Эпидемия 2-3 жылда қайталанып отырған. Ауру көбінесе вакцина алмаған балаларда ауыр өтеді. Ол ауа арқылы науқаспен тікелей қатынаста болғанда оңай жұғады.
Қазіргі уақытта елімізде, облысымызда қауіпті болып отырған қызылша бойынша сырқаттанушылықтың эпидемиологиялық жағдайы күрделі болуына орай ауданымызда да қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып отыр. Өйткені қозғалыс өте жоғары, жарты жанұялары Атырау қаласында тұратын, Атырауға барып жұмыс істейтіндер көп.
Атырау облысында 2023 ж алғашқы диагнозы бойынша күдікті 8652 жағдай тіркеліп , олардың 3036 жағдай зертханалық жолмен дәлелденді. 2023 ж ауданда 51 жағдай тіркелді, оның 38 бала. 2024 жылы облыс бойынша 733 жағдай тіркеліп оның 599 бала болса Исатай ауданында 61 науқас тіркелді, оның 50 бала. Ал 2025 Атырау облысында 88 жағдай (86 сы бала) , Исатай ауданында тіркелмеді. Дегенмен биыл 2026 жыл басталмай жатып ауданда 2 жағдай зертханалық жолмен нақтыланып тіркеліп отыр. Оның біреуі жүкті ана болса, біреуі бала. Өкінішке орай бұл нақты көрсеткіш те болмауы мүмкін. Өйткені жеңіл жағдайды үйде өткізіп дәрігерге айтпайтындар бар.
Қызылша- вирустар тудыратын жоғары жұқпалылығымен сипатталатын ауру. Ауа тамшыларымен беріледі және вакцина алмаған адамдарға 100 пайыз қауіпті. Науқас бөртпе пайда болғанға дейін 4 күн бұрын және 4 күн ішінде жұқпалы болып, басқаларға қауіп төндіреді. Қызылша асқынуымен қауіпті. Атап айтқанда баланың тыныс жолдары қабынуы (ларингит, трахеит) ентікпе болуы, тыныс жетіспеуі, көз қабынуы (коньюктивит тіпті соқырлыққа әкелуі мүмкін. Сонымен қатар пневмония, құлақ қабынуы, бауыр, бүйрек, жүрек аурулары дамуы мүмкін. Ең қорқыныштысы қызылшамен ауырған бала сауығып шыққандай болып көрінгенімен, вирус организмде сақталып , 5 - 6 жылдан кейін склерозды панэнцефалитті ( мидың зақымдануымен өлімге әкелетін ауру, психикалық деградация мен құрысуларды тудырады) тудыруы ықтимал.
Аурудың негізі белгілері:
Әлсіздік,шаршау, жылау, ұйқының бұзылуы, дене температурасының 38,5 жоғары болуы, мұрын бітелуі, жөтел, көз жасаурауы, жарыққа қарай алмау.
Бұл белгілер басқа да тыныс инфекцияларына ұқсас болып келеді. Сондықтан көптеген адамдар немқұрайлық танытып дәрігерлік көмекке жүгінбейді. Тұрғындарға айтатынымыз өзіңізде және балаңызда осы белгілер байқалса , дәрігерлік көмекке жүгіну арқылы, инфекцияны нақты анықтауға шақырамыз. Қойылған диагноз арқылы ем алуды ерте анықтап, асқынуларды болдырмауға жол береді. Қызылша ауруының негізгі белгілері-ауыз қуысындағы дақты бөртпелер және денедегі бөртпелер. Басқа да бөрпелер айырмашылығы қызылша кезінде бөртпелер сатылы түрде шығады, яғни беттен басталып, дененің төменгі бөлігіне ұласады.
Қызылша ауруының қаншалықты зардабы мол ауру екенін көрсетіп отыр, Сол себепті қызылшамен ауырмаудың алдын алу үшін жоспарлы екпе алыңыздар!
Ата –аналарымызға айтатынымыз балаларыңыздың екпе статусын анықтап, егер қандай да бір себептермен белігіленген мерзімде ұсынылған екпені алмаған болсаңыздар, тұрғылықты жері бойынша емдеу мекемесіне барып вакцинацияға жүгіну керек.
Сонымен қатар вирустың алдын алу үшін бөлмені жиі желдетіп, ылғалды тазалау жұмыстарын жасаған дұрыс. Науқас адамның үйіне, ауру өршіп тұрағанда адам көп жерлерге барамауға кеңес береміз. Халық көп шоғырланатын орындарда бетперде киіп жүрген жөн.
Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды тек ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы ғана ауыздықтауға болады.Неғұрлым екпе алғандар саны көп болса, соғұрлым ұжымдық иммунитет жылдам қалыптасып, ауруды жұқтырушылар саны азайып, вирустың таралу тізбегі үзіледі. Аурудың алдын алып, өздеріңізді және жақындарыңызды қорғаңыздар!
Б.КАРТМАГАНБЕТОВА,
Исатай аудандық СЭББ басшысы


