Қызылшадан сақтанайық!

ашық дереккөзден

 

Осыған дейін де айтқанымыздай қызылша  - вирустық инфекция. Ауа тамшылары арқылы таралғандықтан өте жоғары жұқпалылығымен ерекшеленеді. Әсіресе балаларға қауіпті.  Инфекция көзі – ауру адам. Ауырған адаммен байланыста немесе қасында  болып ертеңіне ауырып қалады деген сөз емес. Ол адам инкубациялық  кезеңде болуы да мүмкін. Ауырған адаммен байланыста болғанан кейін  10-21 күн аралығында  суық тию белгілері болып басталады. Дене қызуы көтеріліп, жөтел, мұрны бітеліп, су ағып тұмау белгілерімен ауыра бастайды. Көп жағдайда ата-ана  салқын тиюмен байланыстырып, өз бетімен ем жасап уақыт өткізіп алады. Алайда ауру уақыт өткен сайын асқынады. Сондықтан бала ауырған кезде міндетті түрде дәрігерге көріну керек. Қазіргі жағдайда,  қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы қолайсыз болып тұрғанда дәрігерді үйге шақырған дұрыс. 

Атырау облысы аумағында 2026 жылдың 1 қаңтарынан 13 ақпан аралығында қызылшаның зертханалық дәлелденген 137 жағдайы тіркеліп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 133 жағдайға жоғарылап қызылша инфекциясының эпидемилогиялық жағдайының тұрақсыздығына алып келуіне байланысты инфекцияның алдағы уақытта таралуының алдын алу мақсатында Атырау облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Атырау облысында қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемияға қарсы , санитариялық профилактикалық іс-шараларды күшейту туралы» қаулысы қабылданды.

Исатай ауданы бойынша 2026 жыл басталысымен қызылша ауруы тіркеліп басталды.  Қазір  6 жағдай тіркеліп отыр. Оның 3 немесе 50 пайызы екпе алмағандар. 2 бала 1 жасқа дейін яғни екпе жасына жетпеген, 1 бала медициналық қайшылықпен  алып үлгермеген. Қарсы профилактикалық екпемен басқарылатын инфекция болғандықтан  бұл аурудың алдын алудың жалғыз тиімді әдісі – вакцина алу. Соңғы жылдары әртүрлі себептермен  балаларына  екпе  салдырмайтын жағдайлар көбейіп отыр. 2025 жыл қорытындысымен  1 жасқа дейінгі екпе алуға тиіс балалардың 88,2 пайызы ғана екпемен қамтылды. Ал 2026 ж қаңтар айында  1 жасқа дейінгі балалардың екпемен қамтылуы 5,2, 6 жастағы балалар – 5,8. Қалыпты эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиісті топтың екпемен қамтылуы  ай сайын 7,9-8,3 ал жыл аяғында 95-100 пайыз болуы керек. Яғни бұл деңгейге жете алмай отырмыз. Әрине қазіргі жас ата-аналар бүгінгі күні егу арқылы қорғалатын  инфекцияларды кезіктірген емес. Тіпті  1980 ж  дейін  туғандар көптеп ауырған А вирустық гепатитін де көпшілік жас ата –ана көрмеген. Әр мектептен 300-400 деп бала ауырған кездер болды.  Осы ауруға қарсы вакцина егілгеннен бастап  (2002 ж)  аурушылық тіркелген жоқ.  Оның үстіне вакцинаға күдік туғызатын  ақпараттар да  көбейген. Көбіне осы ата-аналар «екпе алмасам да балам ауырып жатқан жоқ» дейді. Дұрыс. Өйткені  оның қазіргі ортасы, ата-анасы, айналасы сау,  жұқтыратын ауру көзі жоқ. Өйткені  олар екпе алғандар, жұқпалы ауруға деген иммунитеттері  қалыптасқан.  Ал бұл балада  осы ауруға иммунитет жоқ.  Кез-келген басқа ортада  жұқпалы аурулармен қарым - қатынас болса ауруды жұқтырады.

Біздің аудан  тұрғындарының  Атырау қаласымен қатынасы өте жоғары. Көп үйде жарты жанұя қалада (оқиды, жұмыс жаайды т.б) Тіпті жарты балалары Атырау қаласының балабақшаларына барады. Ал Атырауда қызылшамен аурушылық жоғары болып тұр. Жалпы қазіргі таңда адамдар арасында миграция өте жоғары болып тұрғанда  инфекция  сырттан әкелінуі  әбден мүмкін. Осындай жағдайда  балаларға өз уақытында  белгіленген  күнтізбе бойынша  екпесін алу өте маңызды. Екпеден бас тарту кез келген ата-ананың құқы болғанымен оның арты өкіндіретін жағдайға да әкелетінін  түсінулеріңіз керек. 

 

 Бақытгүл ҚАРТМАҒАНБЕТОВА,

Исатай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT