Қызылшаны тек вакцинациялау тоқтатады

https://medikom.ua/ru/

Қазір ауданда қызылша ауруының эпидемиологиялық ахуалы қолайсыз болып отыр. Осы жылдың ағымдағы кезеңінде қызылшаның алғашқы диагнозымен 60 жағдай тіркелді, оның ішінде 22 жағдай зертханалық расталды. Ауырғандардың 70 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар болса, оның ішінде басым көпшілігін 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндер құрады. Сонымен қатар аурушылық ұйымдасқан ұжым, мектептерде, балабақшаларда жиі тіркелуде, әсіресе, вакцина алмаған балалар арасында басым.

Күні бүгін қызылша ошағында барлық профилактикалық және індетке қарсы іс-шаралар жүргізілді. Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдарға медициналық бақылау орнатылды.

Бұл ауру соңғы рет ауданда 2019 жылы орын алып, барлығы 84 жағдай тіркелді, қызылша ауруының эпдемиологиялық жағдайы күрделі болды. Республика бойынша осы аурудың көтерілуіне байланысты алдын алу мақсатында екпемен қамту жұмысы ұйымдастырылып, тұрғындар арасында жүргізілген вакцинациялау жұмыстарының нәтижесінде аурушылық тоқтаған болатын.

Қызылша - вирустар тудыратын жоғары жұқпалылығымен сипатталатын ауру. Ауа тамшыларымен беріледі және вакцина алмаған адамдарға 100 пайыз қауіпті. Науқас бөртпе пайда болғанға дейін 4 күн және бөртпе пайда болғаннан кейінгі 4 күн ішінде жұқпалы болып, басқаларға қауіп төндіреді. Қызылша асқынуымен қауіпті. Атап айтқанда, баланың тыныс жолдары қабынуы (ларингит, трахеит) ентікпе болуы, тыныс жетіспеуі, көз қабынуы (коньюктивит, тіпті, соқырлыққа әкелуі мүмкін). Сонымен қатар пневмония, құлақ қабынуы, бауыр, бүйрек, жүрек аурулары дамуы мүмкін.

Аурудың негізі белгілері әлсіздік, шаршау, жылау, ұйқының бұзылуы, дене температурасының 38,5 жоғары болуы, мұрын бітелуі, жөтел, көз жасаурауы, жарыққа қарай алмау. Бұл белгілер басқа да тыныс жолдары инфекцияларына ұқсас болып келеді. Сондықтан көптеген адамдар немқұрайлық танытып, дәрігерлік көмекке жүгінбейді. Тұрғындарға айтарымыз, өзіңізде және балаңызда осы белгілер байқалса, дәрігерлік көмекке жүгіну арқылы инфекцияны нақты анықтауға шақырамыз. Қойылған диагноз арқылы ем алуды ерте анықтау, асқынуларды болдырмауға мүмкіндік береді.

Қызылша ауруының негізгі белгілері - ауыз қуысындағы дақты бөртпелер және денедегі бөртпелер. Басқа да бөрпелерден айырмашылығы қызылша кезінде бөртпелер сатылы түрде шығады, яғни беттен басталып, дененің төменгі бөлігіне ұласады. Адам аурудан сауыққан күннің өзінде асқынулар салдарынан көптеген ағза мүшелері зақымдалады.

Қызылшаның нақты емі жоқ. Уақытында вакцина алу - қызылшаның алдын алудың жалғыз сенімді құралы. Біздің елімізде қызылшаға қарсы екпе 1 және 6 жастағы балаларға егіледі. Қазіргі уақытта қызылшаға қарсы вакцина құрамында қызылша, қызамық және паротитке қарсы аралас вакциналар бар. Осы үш түрлі инфекциядан сақтанудың жалғыз жолы - иммундау, яғни вакцина алу. Бұл екпе Ұлттық күнтізбеге сәйкес тегін жүргізіледі. Осы уақытқа дейін егілмеген 30 жасқа дейінгі тұлғалар қызылшаға қарсы тегін екпе ала алады.

Республикада халық арасында қызылшамен сырқаттанушылықттың одан әрі таралуының алдын алу мақсатында ҚР ДСМ Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы №7 «Қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемиялық және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» қаулысы шығарылды. Аталған қаулыға сәйкес қызылшаға қарсы егу мәртебесіне қарамастан 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі, 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балаларға, сондай-ақ, қызылшаға қарсы профилактикалық иммундау жоқ медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау ұйымының қызметкерлеріне егілетін адамның немесе ата-анасының хабардар етілген келісімін алғаннан кейін қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау басталды.

Қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау қажеттілігі - елімізле қызылшамен сырқаттанушылықтың өсуіне байланысты туындап отырған шара. Вакцинациялау емдеу мекемелерінде алдын ала ақпараттандырылған жазбаша келісіммен, ерікті түрде және тегін жүргізіледі. Егуді арнайы оқытылып, рұқсат алған медициналық қызметкерлер жүргізеді.

Сонымен қатар вирустың алдын алу үшін бөлмені жиі желдетіп, ылғалды тазалау жұмыстарын жасаған дұрыс. Науқас адамның үйіне, адам көп жиналған жерлерге бармауға кеңес береміз. Халық көп шоғырланатын орындарда бетперде киіп жүрген жөн.

Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды тек ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы ғана ауыздықтауға болады. Екпе алғандар саны неғұрлым көп болса, соғұрлым ұжымдық иммунитет жылдам қалыптасып, ауруды жұқтырушылар саны азайып, вирустың таралу тізбегі үзіледі. Аурудың алдын алып, өздеріңізді және жақындарыңызды қорғаңыздар, ауылдастар!

 

Бақытгүл ҚАРТМАҒАНБЕТОВА,

аудандық  санитариялық-эпидемиологиялық

 бақылау басқармасының басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT