Мен өзімді қалай емдедім?

Гуревтегі медицина училищесіне оқуға түсіп, оны 1960 жылы бітіріп шыққаннан кейін Новобогаттағы туберкулез ауруханасына медсестра болып орналастым.

Ол кезде аурухананың ғимараты «Ембі төбе» аталған шағын ауылдың ортасында орналасқан болатын. Бас дәрігер Ғалим Ғұмаров еді. Арнайы дәрігерлік автокөліктер тапшы, науқастар көп, тынымсыз еңбектенуге тура келеді.

Новобогат ауданы қайта құрылып (1977 жыл), орталығы Аққыстау ауылы болғанда аурухана аудан орталығына көшірілді. Тынымсыз еңбек еттік, ауруханаға түскен аурулардың денсаулығын қалпына келтіруге деген ынта-жігеріміз аяусыз еді. Әрине, туберкулез ауруханасына емделуге жатқан науқастардың басқалардан өзіндік ерекшеліктері де бар. Жұқпалы деп есептеледі, сондықтан да бөлек емделеді.

1982 жылы өзімнің де саулығым сыр беріп, туберкулез ауруына шалдықтым. Әр нәрсенің де өзіндік себептері болады ғой. Ұзақ жыл осы ауруханада жасағанның да әсері болған болар. Облыстық өкпе аурулары ауруханасында 4 ай жатып, ем алдым. «Очаговой туберкулез в фазе распада» деген диагноз қойды. Температура 40°-қа дейін көтеріліп, 15 күнге дейін түспеді. РОЭ -70-ке дейін жетті. Мұны дәрігерлер ғана біледі, дерттің қаншалықты салмақты болғанын. Осы мезгілде 30 келі салмақ жіберіп, жүдедім.Осында емделіп жатқанымда Алматыдағы туберкулез институтынан Е.П.Мухин дейтін профессор келіп қарап, ота жасатуға ұсыныс қылды. «Көп алған екпе мен дәріден өкпе қатып қалған, бір айлық қана өмірің қалды» деді ол.

Алайда, мен келіспедім. Және осы кезде ата-бабам түсіме еніп: «Тұр, қызым, неғып жатырсың? Өзіңді-өзің емде, мойыма» деді. Осыдан кейін, Қырымға санаторийге барып, 3 ай емделдім. Денсаулығым тым тәуір жақсарып, жұмысқа шықтым. Әрине, дәрігерлік емді де тоқтатқаным жоқ. Жылма-жыл санаторийлік емді де қабылдап жүрдім. 1985 жылы «Бершүгір» санаторийіне барып, сонда бірге болған емдеушілердің кеңесімен борсықтың етіне жеті емдік шөпті қосып қайнатып, етін жеп, сорпасын іштім, 2 күннен кейін жүрегім айнып, запыран құстым. Содан кейін жеңілденіп, тамаққа да тәбетім жақсарып, күш ала бастадым. Борсық шөптің тамырларымен қоректенеді. Содан етінде, майында адамның саулығына пайдалы заттар болады екен. Жоғалтқан салмағым да қалпына келе бастады. Баяғы тасшының «қиыншылық та кездесер» дегені айна-қатесіз келді.

1995 жылы бұрын кеңес берген профессор Гурьевке келіп, тағы да бұрыннан есепте тұрғандарды қарады. Мен қабылдауына кіргенімде: - Сен Сахиповамысың, мен қателескен екенмін. Қалай емделіп жазылдың? Анализдеріңді қарап отырмын, бәрі жақсы, - деп таңырқай қарады. Барлық жағдайды айтқаннан кейін: - Енді сен Алматыдағы тубинституттағы емделушілердің алдында өзіңнің ауру тарихыңды, қалай емделіп жазылғаныңды айтып, әңгіме өткіз. Алматыға алып кетемін, - деді. Өзі қазақшаға судай болатын. Өкінішке қарай, осында жүріп инфарктен қайтыс болды.

Кейіннен зейнеткерлікке шықтым. Әлі де саулығымды қадағалап отырамын. Азды-көпті еңбегім де елеусіз емес. Әртүрлі мақтау қағаз, алғыс хаттарды айтпағанда, 2017 жылы «Қазақ елі» республикалық халықтық қозғалысының ескерткіш медалін берді.

Көмек сұрап келгендерге кеңесімді, әртүрлі ем-домдарымды беруге тартынбаймын. Осы жазбамды жинақтай келе, алдымен, саулығың сыр берсе «жазыламын» деген нық сенім болуы керектігін айтқым келеді. Сенімің зор болса, қара су да ем болады дейді ғой. Бастысы күтім керек, диета сақтау да маңызды. Салауатты өмір салтын ұстану, организмді шынықтыру, иммунитетті көтеретін көкөністерді көбірек пайдалану қажет. Менің басымнан өткен тағдыр сыны, одан қалай шыққаным - осы мақаланы оқыған адамдарға аз да болса септігін тигізсе, менің мақсатымның орындалғаны.

Басты байлық - деннің саулығы. Сырқаттансаңыз, одан жазылуға деген сенімдеріңіз нық болып, емдеріңіздің дертке дауа, жанға шипа болуына Алла жар болсын!

Зылиха САХИПОВА,

денсаулық сақтау саласының ардагері Х.Ерғалиев ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521