Менингококк – қауіпті дерт

Менингококкты инфекция – клиникалық айқындалуы әртүрлілігімен сипатталатын жұқпалы ауру. Қоздырғышы – менингикококк, сыртқы ортада тұрақсыз.

37 С төмен температурада өмір сүре алмайды, ал 50 0С температурада 5 минуттан артық өмір сүре алмайды. Эпидемиологиясы: Ауру көзі – ауру адам және қоздырғыш вирус тасымалдаушы. Аурудың таралу жолдары ауа тамшылы жолымен, яғни, инфекция жөтел, түшкіру, сөйлесу кезінде таралуы мүмкін. Бұл аурумен көбіне-көп 14 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады. Аурудың даму механизмі қоздырғыш ауа тамшылы жолымен жұтқыншаққа жетіп, оны қабындырады, ал кейде қоздырғыш қанға, лимфаға өтіп, аурудың ауыр түріне айналады. Бұл дерттің инкубациялық немесе жасырын кезеңі – 2-10 күн. 3 клиникалық түрі жиі кездеседі;

1. Менингококкты назофарингит – аурудың жеңіл түрі. Науқастың жалпы жағдайы бұзылады, шаршағыш болып, тәбеті төмендейді, денесінің қызуы көтеріледі, басы ауырады, көмекейдің шырышты қабатын қан кернеп, мұрны бітеді. Диагнозды дәлелдеу үшін жұтқыншақтың шырышты қабығынан зерттеуге жағынды алынады

2. Менингококкты менингит – аурудың ауыр түрі. Ми қабығы қабынып, басының кенет қатты ауыруынан, денесінің қызуының 39-40 0С көтерілуінен, науқастың себепсіз құсуынан басталады. Одан әрі менингиальды белгілер пайда болады, яғни, Кернинг және Брудзинский симптомдары, желкенің бұлшық еттерінің тартылуы. Кішкене баланың еңбегі көтерілуі мүмкін. Диагноз жұлын сұйықтығын алып, бактериологиялық зерттеумен дәлелденеді.

3. Менингококкты сепсис, менингококкцемия – аурудың ең ауыр клиникалық түрі: кенет басталады, дене қызуы 40-41 С градусқа көтеріледі, менингиальды белгілер кейде болып, кейде болмайды, баланың терісі, шырышты қабықтары құрғақ, тахикардия, ентікпе пайда болады. Кішкене нүкте тәріздіден үлкен жұлдызшаға дейін геморрагиялық бөртпелер шыға бастайды. Олар жамбас, сан, балтыр, қол терісінде болады. Геморрагиялық бөртпе болған жерлерде жұмсақ тканьдердің өліп, некроз дамуы мүмкін. Асқынуы: Уотеркаус-Фридериксен синдромы, бүйрек үсті безінің жедел тапшылығы. Кенет басталады, науқастың жалпы жағдайы нашарлап, терісі бозарып геморрагиялық бөртпелер шығады, некроз дамуы мүмкін, басы қатты ауырады, құсады, дене қызуы 40-41 С градус болып, бала мазасызданып, ентікпе, цианоз пайда болады. Қан қысымы төмендейді, денесі құрысып-тырысады, зәр шығуы азаяды, кейде мүлдем тоқтайды. Бала есінен айырылады. Осындай белгілер байқалған ауру адамды міндетті түрде ауруханаға жатқызу қажет. Сол үшін дертпен ауырмай тұрып, алдын алған жөн.

• Аурудың белгілері салқын тиген секілді сипатталады, сондықтан осындай белгілер байқалса, жедел түрде дәрігерге көріну қажет немесе жедел жәрдем шақыртыңыз.

• Көпшілік жиналатын жерге, әсіресе ойын-сауық орындарына, өздеріңіздің де, баланың да бармағаны жөн.

• Балаларыңызға аса мән беріңіздер, салқын тиген деп есептеп, ауруына немқұрайлы қарамайық.

• Иммунитетті жоғарылату, дұрыс тамақтану, ұйықтау тәртібін жолға қойған жөн.

• Дер кезінде емделуді қолға алу қажет.

• Қолды әрдайым таза ұстау, кез келген азық-түлікті тұтынардан бұрын жақсылап жууды ұмытпаңыз. •

Басыңызды зақымдап алсаңыз, міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз.

• Жақындарыңыздан дерттің белгілерін байқасаңыз тез арада жедел жәрдем шақырыңыз.

Анар АУБАКАР,

невролог дәрігер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521