Мұзға түсіп кетсеңіз, мынаны біліңіз!

Балық аулау – кәсіп және адамға жақсы демалыс, шыдамдылықты, сақтықты қажет етеді.

Әккі балықшылар жыл мезгіліне қарамай, қыста мұз үстінде де балық аулай береді. Сонымен қатар, балалар да алғаш қатқан мұз үстіне шығып, қауіпті елемей, ойнауға құмартып тұратыны белгілі.

Осыған орай, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері қыс кезінде балаларды үлкендердің бақылауынсыз су жағаларында қалдырмауын, мұз үстінде ойнауына тыйым салуын сұрайды және де қысқы балық аулау кезінде балықшыларға да мұз үстінде абай болуларын ескертеді!                       

Мұздың қатқан-қатпағанын аяқпен емес, басқа қатты нәрселермен тексеру керек. Мұзды соғып көріп, ондағы пайда болған суреттің қандай болатындығын байқау керек. Егер сызаттар дөңгеленіп түссе, онда мұзға шығуға болады. Егер сызаттар сәулеленіп түссе, онда бұл өте қауіпті! Адамдар өздерінің қауіпсіздігі үшін қарапайым ережелер мен қырағылықты сақтап, төмендегідей шарттарды білуі қажет.

  • өзен құйылыстары мен ағынды суларда, ағысы қатты жерлерде, ағаш, қамыс, бұталар өскен су аймақтарында мұз өте әлсіз болады.
  • мұздың қатқанын түсіне қарап біле аласыз, мұздың түсі көгілдір болуы қатқанын, ал сұр, ақшыл немесе сарғылт түсті болуы қатпағанын білдіреді.

Егер мұз ойылып, суық суға абайсыз түсіп кетсеңіз,

  • сасқалақтамай, шұғыл қимылдар жасамай, бірқалыпты демалу керек;
  • қолыңызды жазып, денеңізді ағыс бағытына бұрып, мұздан ұстауға тырысыңыз;
  • асықпай кеудеңізді мұз үстіне шығарып, жағаға қарай еңбектеңіз;

Егер сіз мұзға түсіп кеткен адамға көмектесетін болсаңыз:

  • кез келген ұзын таяқша, тақтайша, шыбық, жіпті қолданыңыз (шарфтарды, белбеулерді, керек жағдайда киімдерді байлап қолдануға болады);
  • аяқ пен қолды жан-жаққа созып, құтқару құралдарын алдыңнан итере отырып, мұз үстімен зардап шегушіге қарай еңбектеңіз;
  • зардап шегушіні абайлап мұз үстіне шығарып, қауіпті аймақтан бірге еңбектей отырып, келген жаққа қарай апарыңыз;

Зардап шеккен адамды жылы жерге әкеліп, су киімдерін шешіп, спирт жағып, денесін шапшаң қимылмен уқалап, ыстық шай беру керек. Ешқашанда зардап шегушіге алкоголь беруге болмайды. Өйткені, алкоголь шеткі қан-тамырларды кеңейтеді және одан дене температурасы түсіп, мұндай жағдайда адам талып қалуы мүмкін.

Сонымен қатар, балыққа шығар алдында ауа райы болжамына да қараған жөн. Себебі, судың көтерілуіне ауа райының өзгерісі себеп болады.

Әрдайым ұялы телефоныңызды бірге алып жүріңіз, егер зардап шеккен адамды кездестірген болсаңыз, дереу 101 немесе 112 телефон нөмерлері арқылы көмек шақырыңыз.

Райымбек САҒЫНДЫҚОВ,

Исатай аудандық ТЖБ бас маманы, азаматтық қорғау  майоры 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT