Дәстүрлі Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін тойлау дастарқансыз өтпейтіні белгілі. Мұндайда наурызкөже, қаймақ, ет тағамдары сияқты көптеген ұлттық тағамдар әзірленеді. Сонымен қатар, салаттар, тіске басарлар, кремі бар кондитерлік тәтті өнімдер және тағы да басқа әртүрлі тағамдар дайындалады.
Алайда, осы тағамдарды дайындау барысында гигиена талаптарының сақталуына аса зор мән беру қажет. Олай болмаған жағдайда мерекелік дастарқанның соңы тағамнан улануға әкелуі әбден мүмкін.
Осыған байланысты Наурыз мейрамын тойлау және осы мерекедегі демалыс күндері кезінде мынадай қағидаларды сақтауды ұсынамыз:
– Мерекелік тағамдарды дайындау кезінде оларды сақтау және тұтыну мерзімдерін сақтаңыз. Шикі және дайын тағамдардың бірге сақталуына жол бермеңіз. Ал, олардың сапасыздығына қандай да бір күдік туындаса, өнімдерді, соның ішінде, әсіресе, алдыңғы дастарқаннан қалған тағамдарды мүлдем тұтынбаңыз.
Әсіресе, құс етінен дайындалған, жұмыртқа қосылған тағамдар, майонез бен қаймақ қосылған салаттар, кремі бар кондитерлік өнімдер (торттар, бәліштер) ерекше қауіпті.
Наурыз көженің құрамының көп компоненттігі және оған сүт өнімдерінің қосылуы, көже тез бұзылатын өнімдер қатарына жатқызылады. Сондықтан дайын көжені 4 ± 2 °С температурада 1 тәулік арасында ғана сақтауға ұсыныс береміз. Сақтау мерзімінің қысқалығын ескеріп, Наурыз көжені отбасы мүшелерінің немесе шақырылған қонақтардың санына қарай әзірлеген жөн.
Әдетте, мереке күндері қоғамдық тамақтану орындары мен сауда нысандарында аспаздық және кремі бар кондитерлік өнімдер көп мөлшерде дайындалады. Осы күндері әзірленетін, бірақ көп сұранысқа ие болатын түрлі салаттар, ет және балықтан дайындалған тіске басарлардың сақтау мерзімі қысқа болып келетінін ескеріңіз. Және бұл ескерту ет сілікпелері, құйма еттер, тауық етінен жасалған тағамдарға да тікелей қатысты. Осыған байланысты тамақ өнімінің қауіпсіздігін және сапасын растайтын құжаттардың болуына, оларды сату және сақтау жағдайларына назар аудару қажет.
Сондай-ақ, мейрамханалар мен дәмхана басшыларының назарын Наурыз мейрамы күндері тамақтан уланудың алдын алу мәселелеріне аударуды ұсынамыз.
Қоғамдық тамақтану объектілерінің иелері жеке гигиена ережелерімен қатар ас блогында тазалық сақтауы тиіс. Тамақ өнімдерін термиялық өңдеуден өткізіп, көкөністер мен жемістерді мұқият жуу қажет. Шикі және дайын өнімдерге арналған бөлшектеу мүкәммалын мақсаты бойынша пайдалануды, тағамдар дайындауға бүлінбеген сапалы өнімдерді қолдануды, шикі өнімдерді дайын өнімдерден бөлек сақтауды ұсынамыз.
Тағамдарды алдын ала дайындамауды және іс-шара басталғанға дейін дастарқан жасамауды және оларды қажетті температуралық режимді ұстай отырып сақтауға кеңес береміз. Дайын өнімдердің сақтау мерзімдерінің бұзылуына жол бермеңіз.
Б. Картмаганбетова
Исатай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы