Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті түсіндіреді: Күнделікті өмірде өзіміз тұтынып жүрген азық-түлік, басқа да тауарлардың түріне, жалпы сипатына көпшілігіміздің мән бермейтініміз анық. Бұл дұрыс емес. Сондықтан, өзіңіз күнде дүкеннің сөресінен қолға алған затыңыздың сыртқы қорабына, жарамдылық мерзімі, шыққан жері, құрамындағы компоненттерін және басқа да өзіңізге қажетті ақпараттың барлығын саралап барып алғаныңыз жөн.
Таңбалаудың негізгі міндеті - тауар туралы негізгі мәліметтерді тұтынушыларға жеткізу, сондай-ақ тауарды сәйкестендіру болып табылады. Тұтынушы таңбалау арқылы тауар туралы қажеттінің бәрін біле алады.
Осы мәліметтердің барлығы Кеден Одағының Техникалық регламентіннің 022/2011 «Тағам өнімдерінің таңбалау бөлігінің» талаптарында көрсетілген.
Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басқармаларымен өнім қауіпсіздігі мониторингі шеңберінде тамақ және тамақ емес өнім түрлеріне санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жұмыстары жүргізіліп, ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Атырау облысы бойынша филиалымен санитариялық-эпидемиологиялық сараптамалар жүргізіліп отыр. Анықталған сәйкессіздіктер бойынша басқармалармен сәйкессіздікті жою бойынша нұсқамалар беріліп, шаралары алынды.
Өзіміздің денсаулығымызға пайдасы бар, құнарлы тағамдарды таңдай білу үшін, тамақ өнімдерін таңбалауына қойылатын негізгі талаптарға аса мән беруіміз қажет. Егерде сыртында таңбалануы толық жазылмаған жағдайда, сатушыдан ақпарат алуға болады және сатушы сізге тауар туралы толық, әрі нақты ақпаратты беруге міндетті. Бұндай ақпарат сіздің денсаулық жағдайыңызға тікелей байланысты болады.Осы ақпараттың бәрімен таныса отырып, сіз бірінші көзге түскен тауарды емес, сапалы әрі қауіпсіз тауар алып жатқандығыңызға сенімді боласыз. Сауатты тұтынушы сапалы және денсаулыққа зияны жоқ тағамдарды таңдайды. Сапалы азық – денсаулық кепілі екенін ұмытпайық!
Искакова Айгүл Сабырқызы
Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары