Оба – қоздырғыштың берілу жолдары мен механизмдері әртүрлі, жедел жұқпалы ауру. Табиғи-ошақты, карантиндік жұқпалар тобына жатады. Оба жоғары өліммен сипатталады.
Қоздырғыштың резервуары – жабайы кеміргіштердің көптеген түрлері, тасымалдаушылары – бүргелер.
Оба қоздырғышы денеге зақымдалған тері, бүрге шағу, тыныс алу жолдарының шырышты қабаттары, ас қорыту жүйесі, конъюктивит арқылы енеді.
Обаның инкубациялық кезеңі – 2-6 күн.
Адам оба микробын бірнеше жолмен: инфекцияланған бүргелер, байланыс арқылы (инфекцияланған кәсіптік кеміргіштердің терісін сыпырған кезінде), сондай-ақ оба ауруына шалдыққан түйені сойғанда және бөлшектегенде, алиментарлы жолмен (бактериялармен ластанған тағамдарды жегенде), аэрогендік жолмен (обаның өкпелік түрімен науқастардан) жұқтырады.
Оба микробының адам ағзасына енуінің әртүрлі жолдары аурудың клиникалық көрінісіне әсер етеді.
Ауру дене температурасының 39-40о-қа дейін күрт көтерілуінен басталып, көп ұзамай ауру асқынып, қатты бас ауруы, бас айналу, әлсіздік пайда болып, ұйқыссыздыққа ұласады. Аурудың дамуының шыңында ессіздік жиі байқалады, жүрек әлсіздігі құбылыстары күшейіп, үзіліспен жұмыс жасайды. Кейде теріде бөртпелер болуы мүмкін.
Обаның бубонды түрі шап және қолтық асты аймағында қатты ауыратын обаның бубонды қабынған лимфа түйіндерінің болуымен сипатталады. Бубон басқа жерлерде де локализациялануы мүмкін.
Обаның өкпелік түрі көп мөлшерде қақырықтың бөлінуімен, кейінірек қанның қоспасымен жөтелдің пайда болуымен сипатталады.
Обаның септикалық түрі кенеттен басталып, температура, әдете, жоғары (39-40о), қатты бас ауруы мазалайды. Объективті клиникалық белгілері жоқ. Жалғыз диагностикалық белгі – терідегі геморрагиялық дақтардың болуы, бірақ олар әрдайым бола бермейді.
Сондықтан арнайы емдеуді тез арада бастау керек және ауруға күдіктенген жағдайда дереу медициналық қызметкерге хабарласыңыз.
Обаның барлық табиғи ошақтарында кеміргіштердің айтарлықтай қырылуы және асыраушыларынан айырылған оба жұқтырған бүргелердің жиналуы кезінде жедел індет болған жағдайда адамдар ауырады. Сондықтан оба ошағында кәсіби жануарлардың терісін сыпырып, етін бөлшектеуге болмайды. Ауру түйелердің етін бөлшектемеңіз және жемеңіз, түйенің өлген барлық жағдайлары туралы ветеринария және медицина қызметкерлеріне дереу хабарлаңыз. Обаға қарсы екпе алуды және дәрігерлердің нұсқауларын орындауды ұмытпаңыз.
Обаға қарсы станциялар анықтаған табиғи ошақ аумағында уақытша немесе тұрақты орналасқан адамдарды обаға қарсы егуді медициналық ұйымдар эпидемиялық маусым басталғанға дейін бір айдан кешіктірмей жүргізеді.
Оба – қауіпті ауру. Осыны үнемі жадыңызда ұстаңыз.
Ирбатырова Гүлназ Абайқызы
Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары
 
                                    
             
             
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						

