ОБЫР АУРУЫНАН ОПЫҚ ЖЕМЕҢІЗ!

Қазақ «Ауру келді дегенше, әлек келді десеңші» деп бекер айтпаса керек-ті.  Сондықтан, салауатты өмір салтын сақтап, табиғи таза өніммен тамақтанып, зиянды әдеттерден аулақ жүріп, күйзеліске берілмеуге тырысатын болсақ, ағзамызды кеселден сақтауға себеп болары анық. Бүгін біз «Денсаулық» айдары арқылы  қоғамда өзекті тақырып болып қозғалып жүрген, қауіпті сырқат жайлы, оның алдын алу, емделу жолы, кеселдің неден пайда болатыны барысында әңгіме өрбітпекпіз. Иә, басты байлық – денсаулық. Ендеше, тиісті маман сіздің көкейдегі сауалдарыңызға жауап береді. Көпшілікті алаңдататын дерттің бірі – қатерлі ісік. Бүгінде «аты жаман ауру» адам ағзасының әр жерінен белгі беруде. Сол туралы біз аудандық аурухананың онколог, УЗИ дәрігері Науанова Ақмарал Қажығалиқызымен жолығып, әңгімелескен едік.

– Жоғарыда аталғандай,  «аты жаман» сырқат көпшілікті алаңдатуда. Бұл кесел асқынғанға дейін өздігінен белгі бермейтіні анық. Жалпы, сырқатқа шалдығудың басты себептері не?

–Бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналған онкологияға шалдығудың нақты себебін атап айту қиын. Адам ағзасында күнделікті жаңа жасуша пайда болғанда, өз қызметін атқарып біткен жасуша физиологиялық тұрғыда жойылады. Осы үрдіс барысында ДНҚ, РНҚ құрылымдарында мутацияға ұшыраған жаңа код пайда болады. Сол код жаңа түзіліп жатқан жасуша қызметінің бұзылуына әкеледі. Ағзаны мутацияға ұшырататын бірнеше фактор бар. Ол, ең алдымен, өмір сүру салты. Күнделікті қолданатын заттарымыз, азық-түлік, дұрыс тамақтанбау, зиянды заттарды тұтыну, тағы сол сияқтылар әсер етеді. Сондай-ақ, ол генетикалық, яғни тұқым қуалайтын факторлар. Кесел кейде тұқым қуалаушылық арқылы әкеден немесе анадан берілуі мүмкін. Бұл - бір қандас туыстар арасында да кездесетін дерт. Созылмалы сырқатқа шалдығып, әлсіреген организм өзгеріске тез түседі. Иммундық жүйе ағзаны кеселден қорғай алмағанда, онкологияға шалдығу қаупі жоғарылайды.

–Көптің көкейіне үрей қалдыратын осы кеселдің алдын алуға бола ма?

– Әрине, алдымен,  әр адам салауатты өмір салтын барынша ұстануы керек. Дене шынықтыру, таза ауада серуендеу, көп қимылдаған да жақсы. Жылына бір рет толық тексеруден өтіп, яғни сырқаттың алдын алып, кеселді бастапқы санатта анықтауға барынша мән беру керек. Сол үшін дәрігерлік тексерілуге немқұрайлы қарамаған жөн. Жалпы, ауданда онкология бойынша диспансерлік есепте 130 адам тұр. Жастар арасында жиі кездеседі. Ауыл тұрғындарының  басты қателіктері әбден ауру асқынған жағдайда ғана дәрігердің кеңесіне жүгінеді. Бұл ауру - бірден пайда болатын ауру емес.Ол жайлап біртіндеп шыға бастайды. Мысалы, біреу жарақат (травма) алғаннан кейін шығып жатады. Қазір дәрігер қабылдауына келген әр адамды жеке кабинетке, яки ер адамды –ерлер, әйел адамды әйелдер кабинетінде тексере алады. Адам скрининг өтуден нысаналы топқа жатса, тұрғылықты жері бойынша жатыр мойны обыры, сүт безі қатерлі ісігі, тік және тоқ ішек обырларының алдын алу және ерте анықтау үшін тексеруден өткізуге міндеттіміз. Айта кетейік, жатыр мойны обырының скринингісі 30-70 жас аралығындағы әйелдерге жүргізіледі. Төрт жылда бір рет әйелдің жыныс мүшесінен сынама алынып, цитологиялық зерттеуге жіберіледі. Омырау рагына 40-70 жас аралығындағы әйелдерді екі жылда бір рет тексереді. Тоқішек рагының скринингісі 50-70 жас аралығындағы ерлерді қамтиды. Ауыл тұрғындарын скринингтен өткізіп жатырмыз. Былтырғы жылдан бастап 18-29 жас арасында жүрек-қан тамыр,қант диабеті,Глаукома ауруларын алдын алу,18-70 жас аралығында асқазан-ішек жолдары,созылмалы бүйрек ауруларын алдын алу,50-70 жас аралығында тыныс алу ауруларын алдын алу және 55-70 жас аралығында ер адамдарда қуықасты безінің ауруын ерте анықтау мақсатында өткізіледі. Екі жылда бір рет нәжісте қан бар-жоғын анықтау үшін тексеріліп отыру керек. Бұл – медициналық сақтандыруға кіретін тегін сараптама түрі. Ауыл халқы үшін скринингтердің жеткіліксіздігін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі былтырдан бастап, 18 жастан бастап жаңа нысаналы топтарды анықтау арқылы ауыл халқын қамтуды ұлғайтуды жоспарлап, бұған дейін скрининг 30-70 жас аралығында жүргізілсе, енді 18-29 жастан бастап жасалады. Сондықтан тұрғындарды дәрігер кеңесіне жүгініп, ем-шарасын қабылдап, скринингіден уақытылы өтіп тұруға шақырамыз. Сондай-ақ, табиғи аспен тамақтануды дағдыға айналдырған жөн. Балаларды, тіпті өзіңізді түрлі гаджеттерден, интернет желісінен алшақтатып, уақытты тиімді өткізуді қалыптастырған жөн.

– Қатерлі ісіктің бірден байқалмайтыны белгілі. Үй жағдайында сырқатты қалай анықтауға болады?

– Жалпы онкологияда көзге көрінетін, яғни визуалды патология деген түсінік бар. Адам аптасына бір рет айна алдында тұрып, барлық тері жабындыларына мән беру керек. Балалық шақтан келе жатқан қал, меңдердің түсі, өлшемі, қышып-ашуына көңіл бөлген жөн. Басқа өсінділер бұрыннан бар деп жүре бермей, маманға көрсетіп алған дұрыс. Ол бір күн уақытыңызды алғанмен, болашағыңыз үшін пайдалы. Бүгінгі медицинаның бір артықшылығы – емделудің балама көздері көп. Инновациялық технологиялардың алуан түрлері табылуда. Науқастың өзі де ғаламтордан дертін дендеп зерттеп, мүмкіндігіне қарай білікті деп таныған дәрігеріне қарала алады. Сонымен бірге, елді адастыратын өтірік-шыны аралас жалған жарнамалық ақпараттар, пайдасы жоқ дәрі-дәрмектер, шипасы жоқ ем түрлері де көбейді. Мұндай жағдайда медицина саласының тәжірибелі мамандарының уәжіне құлақ түріп, денсаулықты сақтауға қатысты дұрыс шешімдер қабылдау аса өзекті.

–Елімізде жатыр мойны обырына қарсы екпе салынады деген әңгіме желіде желдей есуде.Бұл ақпарат қаншалықты рас?
 – Қазір әйелдер арасында бұл қатерлі ісіктің таралуы сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр.Елімізде 11 жастағы қыздарға жатыр мойны обырына қарсы вакцина салынады деген ақпараттың да кеңінен тарағаны рас. Бұл туралы толығырақ ақпаратты гинеколог мамандар айта алады. Одан бөлек, тұрғындарға айтарым, бірінші кезекте өзің білетін, тәжірибесіне күмән келтірмейтін отандық медицинаның көмегіне жүгіну қажет. Бізде де қандай қиындық кездессе де, өз мамандығына үлкен жауапкершілікпен қарайтын мықты мамандар бар. Ал ақша жүрген жерде алаяқтардың да кездесуі әбден мүмкін. Әлемдік тәжірибенің өзі де халықтың сеніміне ие болған мамандарға жүгінуге кеңес береді.
 
-Әңгімеңізге рахмет!

Сағыныш  САЙЛАУБАЙ

 



ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521