Өз еркімен екпе алған оқушы

Денсаулық сақтау саласы мамандарының пікіріне сүйенсек, әлемде коронавирус инфекциясына қарсы жүкті және бала емізетін аналар мен балаларға салуға болатын сертификатталған жалғыз вакцина бар.

Бұл Pfizer вакцинасы. Аудандық аурухананың дәрігер-эпидемиологі Жазира Есмурзинаның айтуынша, ауданда бұл вакцинаны алғандар саны бүгінде 336 адамға жеткен.

- Қазір еліміздің барлық өңірінде балаларға, жүкті әйелдер мен бала емізетін аналарға Pfizer вакцинасы салынып жатыр. Біздің ауданда өткен жылдың желтоқсан айының 6-нан бастап вакцинаның қажетті дозасы жеткізілген соң, мектеп оқушылары, жүкті және бала емізетін әйелдер егіле бастады. Күні бүгінге дейін аудан көлемінде 14 жүкті әйел, 119 бала емізетін ана және 203 оқушы алды. Вакцина алғандардың басым бөлігі 12 мен 18 жас аралығындағы оқушылар. Сондай-ақ бұл көрсеткіш күн өткен сайып өзгеріп отыр, яғни артып келеді. Оқушылар арасында вакцина алудан алғашқы үштікте Аққыстау, Қамысқала және Исатай ауылдары тұр,-дейді дәрігер.

Маманның айтуынша, ауданда бұл вакцинаның қоры жеткілікті. Қажеттілік туындаған жағдайда облыстық денсаулық сақтау басқармасына алдын-ала сұраныс жіберіліп отырады. Бүгінде аудан бойынша екпе алуға жататын жасөспірімдердің жалпы саны – 1920. Бұл көрсеткішті пайыздық есепке шаққанда 11%-ды құрайды.

Күні кеше ғана Pfizer вакцинасының алғашқы дозасын өз қалауымен алған Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы - Райхан Нұрханқызымен тілдесіп, вакцина алуға не себеп болғанын сұрап көрдік.

- Шешімді өзім қабылдадым. Себебі, вакцина алу – сақтанудың бірден-бір жолы екенін, ауырған жағдайда да індеттің жеңіл өтетінін естідім. Мектепте вакцина алудың маңыздылығы мен пайдасы туралы біздерге айтылды. Екпе алуға  анаммен бірге барғанымда дәрігер алдымен дене қызуым мен қан қысымымды өлшеді. Вакцина алған соң жарты сағат дәрігердің бақылауында болдым. Маған ешқандай кері әсері байқалған жоқ, өзімді жақсы сезіндім,-дейді Райхан.

Райханның анасы Лаура Тажахметованың айтуынша, алғашында қызының вакцина алуына әкесі қарсы болған көрінеді. Дегенмен, кейін шешімін өзгертіп, келісімін берген.

- Ата-ана ретінде балаларымыздың аман-сау жүргенін қалаймыз. Оның үстіне өзім де денсаулық саласының маманы ретінде вакцина індетті жеңудің бірден-бір жолы екенін жақсы білемін. Қызымыз вакцина аламын деп өзі шешім қабылдады. Мұндай қауіпті вирусты вакцинамен ғана жеңуге болатынын олда түсінді. Алғашқы дозасы жеңіл өтті. Ешқандай аурушылық сезілмеді. Сондықтан ата-аналар балаларына вакцина салдырудың маңызын түсіндірсе екен, - дейді Лаура Тажахметова.

Әділбек СЫРЫМОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT