«Ресми ақпарат пен дәрігерлерге сенемін»

Екпе жөнінде ел ішінде әртүрлі кереғар пікірлер бар. Бірі  екпе – індетпен күрестің тиімді жолы десе, бірі екпе салдырудың саяси астары бар дегенді алға тартады.

Әйтсе де, соңғы пікірдегілердің келтіретін нақты деректері жоқ және бірде-бір ресми ақпарат көздерінде мұндай мәлімет жарияланған емес. Осыған байланысты тұщықұдықтық зейнеткер Алдар Сахиповпен сөйлесіп, пікірін білген болатынбыз.  Оның айтуынша, былтыр наурыз айында КВИ-ге қарсы екпе алған.

- Ревакцинациядан өткеніме бір жұмадай болды. Алпыстан асқан адамдарға жақсы әсер етеді дегенді естіп, «Pfizer» екпесін алдым. Адам үлкейген сайын денсаулығы кеміп, сыр бере бастайды ғой, сондықтан күтініп, сақтанып жүрген жақсы. Ақпарат құралдарында айтылып жатқанындай, індет бүкіл әлемде тарап жатыр. Бізге еліміздің тыныштығы, айналамыздағы адамдардың амандығы маңызды.

Отбасымызбен түгел екпе алдық. Туған-туыс, таныстарымның бәріне де екпе алуға кеңес беріп жүремін. Ол біріншіден өзіміздің денсаулығымыз үшін, індет жұқтырып, жақын-туыстарымызға кесірімізді тигізбеу үшін маңызды. Адамдармен араласамыз, көпшілік жиналатын жерлерге барамыз, сондықтан сақтық үшін ешкім мәжбүрлемей-ақ өз еркіммен екпе алдым. Маған ешқандай кері әсері болған жоқ.

Өз басым ресми ақпарат пен дәрігерлерге сенемін. Себебі, бұған дейін де екпенің арқасында көптеген аурулар жойылғанын білеміз. Кішкентай балаларға да екпе салғанның арқасында қазір көптеген қауіпті аурулармен ауырмайды. Әйтсе де, екпе алдым деп еркінсіп кетуге болмайды, сақтық шараларын да ұмытпауымыз керек, - дейді Алдар Сахипов. 

Айта кетейік, ауданымызда ревакцинациядан 966 адам өткен. Қазіргі таңда аудандық аурухана қорында «Pfizer», «QazVac», «Vero Cell», «Спутник V» вакциналары бар.

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT