Сібір жарасы - қауіпті ауру

Биылғы жылдың 4-ші сәуірінен 6-шы сәуірі аралығында Қазақстан Республикасында сібір жарасының 3 жағдайы Жамбыл, Ақмола, Түркістан облыстарында анықталған.

Барлық расталған жағдайлар Жамбыл облысымен байланысты болып отыр.

Эпидемиологиялық тексеріс кезінде алғашқы ошақ Тараз қаласында болған. Тараз қалсынан сібір жарасына зақымдалған ет Түркістан облысының Түлкібас ауданына жіберіліп, Түлкібас ауданының 2 тұрғыны етті бөлшектеу кезінде сібір жарасын жұқтырып, ауырған. Артынша 1 науқас 4-ші сәуірде Қызылорда - Петропавловск жолаушылар поезымен Ақмола облысы Бурабай ауданындағы шипажайға жол жүріп кеткен. Осы жылдың 5-ші сәуірінде оны поездан түсіріп,Көкшетау қаласындағы орталық жұқпалы ауруханаға «Сибирская язва, кожная форма?» диагнозымен жатқызған.

Жамбыл облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары эпидемиологиялық тексеріс жүргізген кезде алғашқы ошақтан сібір жарасына күдікті науқасты анықтаған.  Зертханалық растаумен 3 науқасқа «Сибирская язва, кожная форма» диагноздары қойылған. Жоғарыдағыларды негізге ала отырып, адамдардың сібір жарасымен аурушылығы және эпидемиялық жағдайдың нашарлауына Жамбыл облысында  ветеринариялық куәландырусыз еріксіз ауру ауылшаруашылық малдарын сою және ветеринариялық-санитариялық сараптама нәтижесінсіз сату болып табылуы әбден мүмкін деген болжамдалған.

Айта кетерлік жайт, 2022 жылдың ақпан айында Жамбыл облысында тұрғындар арасында сібір жарасының 2 жағдайы тіркеліп, оның ішінде 1 жағдайы өліммен аяқталған. Атырау облысы аумағы сібір жарасы қоздырғышын жұқтыру қауіптілігінің шарты-қолайлы аймағына кіреді. Облыс бойынша республикалық Кадастрға сібір жарасы бойынша 25 стационарлық-қолайсыз пункттер енгізілген. Атырау облысында  оның ішінде Қызылқоға ауданында 1958-1997 жылдар аралығында белгілі бір ошақта тойға сойылған ауру малмен  28 адам сібір жарасымен ауырып, 197 бас ауылшаруашылық малдары өлген.

2019 жылы аудан әкімі Марат Мурзиевпен келісілген «Исатай ауданында  адамдар мен ауылшаруашылық малдары арасында сібір жарасы жұқпасының алдын алу шараларының 2019-2023 жылдарға арналған кешенді жоспары»  жасақталып, 6 жақты мекеме басшыларымен келісілген болатын. Бұл кешенді жоспарда:

1. Ұйымдастыру-шаруашылық іс-шаралары

2. Эпидемиология, эпизоотияға қарсы іс-шаралары

3. Емдеу алдын алу шаралары

4. Мамандарды дайындау, тұрғындарды ақпараттандыру жұмыстары көрсетілген.

Жалпы,сібір жарасы – адамдар мен жануарлар үшін ортақ, зооантропонозды аса қауіпті ауру, қоздырғышы байланыс механизмімен беріліп, белгілі бір жағдайларда спора түзуге қабілетті болып келеді. Сібір жарасы коздырғыштары топырақта ұзақ жылдар бойы сақталады. Негізгі инфекция көздері ауру үй жануарлары – ірі және ұсақ мүйізді малдар, шошқалар, жылқылар, түйелер болып табылады. Сау малдар жайылымдарда сібір жарасы қоздырғыштары бар топырақтан ауру жануарлардың нәжістерімен ластанған шөпті қорек ету арқылы  жұқтырады.

Көптеген жағдайларда адамдарда сібір жарасы ауруы малды сою және етін жіліктеу кезінде зақымдалған тері арқылы қоздырғыштың енуі нәтижесінде, сондай-ақ ауру малдардан алынған еттері мен  шикізаттары арқылы жұқтыруынан туындайды. Адамдарда аурудың алғашқы белгілері жұқтырғаннан кейін 2-8 күннен кейін байқалады.  Ауру әртүрлі клиникалық формаларда – терілік, асқазан-ішек, өкпелік түрде өтеді.

Адамдарда сібір жарасының терілік түрі анағұрлым жиі кездесіп, көр шиқанды (карбункул) түрінде болады. Көр шиқан  көбінесе дененің ашық жерлерінде: бетте, мойында, қолдарда пайда болады. Науқастар ауырған кезде бас ауруына, шаршау, әлсіздік, ыстығының көтерілуіне шағымданады. Сібір жарасы ауруының өкпелік түрі өте ауыр өтеді. Күшті қалтырау, ентігу, терінің көгеруі, қанды қақырықтың бөлінуі болады.Сібір жарасы ауруының асқазан-ішек түрі білінбей дамиды және құсу, қан аралас іш өтудің пайда болуы кеш белгілері болып табылады.

Әрбір жануарлардың иелері сібір жарасын жұқтыру қауіптілігін ескере отырып, жеке бастың алдын алу шараларын сақтауға міндетті, сондай-ақ ауылшаруашылық малдарын сібір жарасына қарсы ектірулері, сатып алынған жануарлар туралы хабарлауы қажет. Малдәрігерінің бақылауынсыз малды союға, етін жіліктеуге, ауру жануарлардың терісін, жүнін өңдеуге болмайды. Сібір жарасын жұқтырудан Сіз өзіңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, жануарлардың ауруы, еріксіз сою немесе өлген жағдайлары туралы дереу малдәрігерлік маманға хабарлау қажет. Сібір жарасы – жануарлар және адамдар өмірі үшін қауіпті ауру екенін әркез жадыңыздан шығармаңыз.

Айба УЛДАНОВА,

Исатай аудандық СЭБ басқармасының жетекші маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521