Сібір жарасы – адамдар мен жануарлар арасында тіркелетін аса қауіпті жұқпалы ауру. Сібір жарасы халық арасында күйдіргі, түйнеме деп аталады. Ауру жеке органды ғана емес, тұтас ағзаны да зақымдайды, көп жағдайда терінің, кейде өкпенің, ішектің қабынуын және зақымдануын тудырады. Сібір жарасының қоздырғышы – Bacillus anthracis сібір жарасын тудырушы бацилла. Сыртқы ортаға өте төзімді, спора түрінде топырақта 100 жылға дейін белсенділігін жоғалтпайды.
Ауру қалай жұғады?Бұл ауру адамға ауру жұққан жануардың терісінен , жүнінен немесе еттен жұғуы мүмкін. Сібір жарасы адамға үй жануарлары ірі қара мал, қой ешкі, түйе, шошқадан жұғады. Көбінесе адамдар бұл ауруды мал сойып, терісін өңдеп, сыпырғанда, бактерия түскен ауыз су, тамақты ішкенде жұқтырып алуы мүмкін. Сібір жарасы адамнан адамға жұқпайды. Сонымен қатар инфекция төмендегі жағдайларда таралады :
Ауру малға күтім жасау кезінде зақымдалған тері немесе шырышты қабықтар арқылы
Ұшаны өңдеу, терісін алу және өлген малдың өлексесін көму кезінде
Егістікте ластанған топырақты қолданған кезде
Аэрогенді : ауа, шаң арқылы
Трансмиссивті: жәндіктердің шағуы (шыбын, масалар)
Аурудың формасына байланысты адамда дене қызуының көтерілуі, тері жарасы, ісіну; ауыр формаларында қанды іш өту және құсу, ішінің ауыруы, өкпе аурулары, жүрек әлсіздігі пайда болады. Сібір жарасының белгілері: Қоздырғыш ағзаға тері арқылы (95 пайыз) еніп, бұл жағдай сібір жарасының туындауына әкеп соғады. Спорамен демалса, онда өкпе қабыну түріндегі ауруға шалдығып, оны жұтар болса, ішектің зақымдалу белгілері пайда болады. Инкубация кезеңінің ұзақтығы терілік формада бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсистік формада 6-8 күн.
Күйдіргінің алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар"Аса инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 12 қарашадағы № ҚР ДСМ-114 бұйрығымен реттеледі.
Сібір жарасынан қалай сақтануға болады?
- Ет пен ет өнімдерін тек өнімдердің сапасын бақылайтын жерлерден сатып алу; Дүкендерден және базарлардан ет сатып алу кезінде ветеринарлық анықтаманы және сертификатты талап еткен жөн. Кездейсоқ адамдардан өнім сатып алмаңыз.
- Ет немесе кез келген мал шаруашылығы шикізатын өңдейтін және сататын жандар гигиеналық нормаларды сақтауға міндетті;
- Мал күтімі кезінде ветеринарлық-санитарлық ережелерді сақтау;
- Үй малы мамандардан арнайы рұқсат алған соң ғана сойылуы тиіс;
- Малдың өлексесін ретімен көму;
- Ауру мал уақытында анықталып, оқшаулануы керек;
- Ауру малға күтім жасау кезінде арнайы киім кию қажет;
- Мал өлген жағдайда тиісті құзырлы мекеменің мамандарына хабарлап, өртеп, жою керек.
- Сібір жарасымен ауырған мал жатқан немесе сойылған орынға басқа жануарларды жіберуге және адамдарды сол жерде жұмыс істеуіне тыйым салынады! Аурудың алдын алу мақсатында сібір жарасы бойынша стационарлық қолайсыз пункт деп белгіленген жерлерде мал бағуға және шаруашылық жұмыстарын жүргізуге болмайды.
- Елді мекендердің сыртындағы мал қорымдарының жай-күйі ұдайы бақылауда болуы керек;
- Мал кенеттен ауырғанда немесе өлгенде міндетті түрде мал дәрігеріне хабарлау;
- Малға сібір жарасына қарсы екпе егу маңызды. Екпе сібір жарасы қоздырғышын жұқтыру қаупі жоғары жандарға және малды сою, терісін сыпыру, олардан шикізатты дайындау, сақтау, тасымалдау, өңдеумен кәсіби айналысатын адамдарға да салынады. . Екпе — аурудың алдын алудың ең тиімді әдісі. Әр адам малдан сібір жарасын жұқтыру қауіптілігін ескере отырып, жеке бастың тазалығы мен сақтық шараларына мән беруі тиіс.
Басқарма басшысы Б.Картмаганбетова