Тұмау дегеніңіз коронавирус болып шығуы мүмкін (сұхбат)

Исатай аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігінің бақылау басқармасының басшысы Бақытгүл Қартмағанбетовамен «Нарын таңы» газетінің тілшісі Жоламан Дәулетияр сұхбаттасқан болатын.

- Бақытгүл Самиғоллақызы, «ауыруың тұмау болсын» дейді ғой, алдымен, тұмаудың қоздырғышы, оның таралу жолдарына тоқтала кетсеңіз.

- Тұмау немесе грипп ағылшын тілінен аударғанда «шап беру», «бас салу» дегенді білдіреді екен. Бұл өте жұқпалы, жіті респираторлық вирустық инфекция, яғни ауру көзі - вирус. Ауруды қоздырғыш вирус тыныс жолдарының кілегей қабығында өсіп-өнеді. Тұмау тиген адам ауру микробын жөтелгенде, түшкіргенде және қақырығы арқылы да ауаға таратады. Сондай-ақ, салқын кезде сыртқы ортада 4 сағатқа дейін сақталатын вирус науқастың сілекейімен күнделікті тұтынған ыдысын, сүлгісін, төсек орнын ластауы арқылы да беріледі.

Тұмаудың симптомдары кенеттен пайда болып, бірнеше күннен бірнеше аптаға дейін сақталуы мүмкін. Кең таралған симптомдарға дене қызуының көтерілуі мен қалтырау, жөтел, тамақтың ауыруы, бастың ауыруы, бұлшық еттердің сырқырауы мен қалжырағандық сезімі жатады. Бұл ауру, әсіресе, 2 жасқа дейінгі балалар мен созылмалы ауруы бар, жасы үлкен адамдарда ауыр өтеді.

Бір айта кетерлігі, тұмауға шалдыққандардың көпшілігі үй жағдайында емделіп, кейде медициналық көмексіз-ақ айығып кететіні. Алайда, денсаулығы онсыз да нашар адамдар үшін тұмау ауыр, тіпті, қазаға ұшырататындай қауіпті болуы мүмкін. Мысалы, тұмау жүрек аурулары, диабет немесе өкпенің созылмалы ауруы сияқты дерттерді ауырлатып, ауруханаға жатып емделуге дейін алып келуі де ғажап емес. Бұдан басқа, денсаулығы онсыз да нашар адамдарда олардың дертіне байланысты (диабет, бронх демікпесі, бауырдың созылмалы ауруы, балаларда ұзақ уақыт бойы аспирин қабылдау, бүйректің созылмалы ауруы, әлсіреген иммундық жүйе, өкпенің созылмалы аурулары) немесе оны емдеуге байланысты (мысалы, кортикостероидтар, химиотерапия) иммундық жүйенің әлсіреу ықтималдығы жоғары болады. Соның салдарынан тұмауды емдеу қиындап, оның пневмония сияқты асқынуларға алып келу қаупі күшейеді. Мұның үстіне биылғы тұмаудың эпидемиологиялық көтерілу маусымының күрделілігі короновирус инфекциясымен байланысты.

- Өзіңіз айтып бастаған коронавирус инфекциясы туралы нақтыласаңыз. Оны неге тұмаумен байланыстыра қараймыз?

- Коронавирус инфекциясы да тұмау сияқты вирустық инфекция, яғни қоздырғышы - вирус. Осыған дейін тіркелген аурулардан көрінгендей, негізгі симптомдары да тұмаумен өте ұқсас. Мұнда да дене қызуының көтерілуі, қалжырау, әлсіздік, бас, тамақ ауыруы, дененің бұлшық еттердің ауырсынуы болады. Сондықтан, тұмаудың көтерілу маусымы болғандықтан, алғашқы белгілері бірдей болып басталатын короновирус инфекциясын жіті респираторлық вирустық инфекция деп ойлап, салқын тиген, тұмау ғой деп мән бермей қалмауды сұраймыз. Жоғарыда аталған белгілер біліне бастаған жағдайда өзіңізді оқшаулап, дәрігерді үйге шақыру керек. Коронавирус инфекциясы кезінде де денсаулығы нашар адамдарды емдеу қиындап, өлім-жітім жағдайлары көп болғанын естен шығармауымыз шарт.

- Сипаттамасы бірдей дерт сан соқтырып жүрмесін дейсіз ғой. Осы жерде алдымен ауырмаудың жолын іздеу маңызды екені көрінеді. Тұмаудан сақтанудың жолдары, алдын алу шаралары қандай?

- Жоғарыда айттым, тұмау - вирустық инфекция. Мұнда жеке бас гигиенасын қатаң сақтау өте маңызды. Ең алдымен, салқын тигізіп алмауға тырысу, ауа райына сәйкес киіну, әлеуметтік қашықтықты сақтау, халық көп жиналған жерлерге бара бермеу керек. Кір қолмен бетті, мұрын мен ауызды түртпеу, қолды сабынмен тазалап жуу, бірреттік қолорамал пайдалану, жөтелгенде немесе түшкіргенде ауызды жабу, бөлмені жиі желдетіп алу қажет. Бұл жайттар короновирус инфекциясының да алдын алуда да үнемі айтылып келеді. Алайда, қазір халық арасында отбасылық жиындар, қонақтық, қыдырып бару-келу жиілеп кетті. Бетперде киіп сақтанбастан дүкендерге, басқа да көпшілік жиналған жерлерде жүре беретін болып барамыз. Сатушылар да 3 кісіден артық кіргізбеу деген тәртіпті, сауда нүктесіне бетпердесіз кірмеуді талап ете бермейді.

Тұмауға қарсы профилактиканың негізі – вакцинация. Ең дұрысы – тұмау маусымы басталғанға дейін вакцина алу, ол тұмаумен сырқаттану қаупін азайтады. Аурудың ауыр түрінің дамуын, ауруханаға жату және қаза болу қаупін төмендетеді. Тұмауға қарсы иммунитет вакцина алған күннен бастап екі апта бойы қалыптасады. Сондықтан екпені тұмау маусымы басталып кеткенде емес, одан бұрын алу керек. Тұмауға қарсы егілгендерде ауру ауырған жағдайда да жеңіл өтеді. Тұмауға қарсы вакцинациялауды бірінші кезекте керек ететін адамдар санаты:

- созылмалы соматикалық аурулармен ауыратын науқастар;

- жіті респираторлық аурулармен жиі ауыратындар;

- 60 жастан асқан адамдар;

- медицина қызметкерлері;

- жиі сырқаттанатын әлсіз балалар;

- жүкті аналар.

Эпидемиялық маусым қазан айынан басталады деп күтілгендіктен ауылдастарымызды уақытымен екпе алуға шақырамын. Ол ауданның емдеу мекемелерінде қыркүйектің 15-інен бастап тегін және ақылы түрде жүргізілуде.

- Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан: Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521