Тамақтан уланудың белгілері қандай?

сурет ғаламтордан

 

Құрметті тыңдармандар!

Атырау облысының санитариялық – эпидемиологиялық бақылау департаменті ата – аналарды, білім беру ұйымдарының басшыларын және тамақтану қызметінің жеткізушілерін мектеп оқушылардың тамақтан улануының алдын алу, мектеп асханаларында санитариялық – эпидемиологиялық талаптарды сақтау және дұрыс тамақтануды қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударуға шақырады.

Балалардың қауіпсіз әрі сапалы тамақтануы – олардың денсаулығының, өсуі мен оқу жетістігінің маңызды факторы. Сондықтан мектеп асханаларындағы санитариялық - эпидемиологиялық жағдай мен тағамның сапасы аса маңызды болып табылады.

Тамақтан улану – жылдың кез келген мезгілінде, әсіресе жылы ауа райында жиі кездесетін жағдай. Оның басты себебі -  дұрыс сақталмаған тағам өнімдерін немесе жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тағамды пайдалану, сондай – ақ жеке гигиеналық талаптардың сақталмауы.

Тамақтан уланудың негізгі белгілеріне жүрек айну, құсу, іштің өтуі, әлсіздік және дене қызуының көтерілуі жатады. Мұндай белгілер байқалған жағдайда, өз бетіңізше емделмей, міндетті түрде дәрігерге жүгіну қажет.

Осы орайда, мектеп асханаларында тамақ дайындап, оқушыларды тамақтандырумен айналысатын жеке кәсіпкерлер мен асхана қызметкерлеріне келесі талаптарды сақтау ұсынылады:
•    Асхана қызметкерлері санитариялық талаптарға сай медициналық тексеруден, гигиеналық оқытудан өтіп, жеке медициналық кітапшалары болуы тиіс;
•    Тағамды дайындау және тарату кезінде жеке гигиеналық талаптар қатаң сақталуы қажет;
•    Шикі және дайын тағамдарды бөлек ыдыстарда және тоңазытқыштың әр сөресінде бөлек сақтау міндетті;
•    Ет, балық және жұмыртқа өнімдерді толық термиялық өңдеуден өткізілуі тиіс;
•    Асханаларда тағам қалдықтарын уақытылы шығару және бөлменің тазалығын сақтау талап етіледі;
•    Тез бұзылатын өнімдердің жарамдылық мерзімі мен сақтау температурасы тұрақты бақылануы қажет;
•    Оқушыларға жылытылған тағам ұсынуға жол берілмейді;
•    Қолды жиі жуу, ас үй құралдарын тазалау және дезинфекциялау – уланудың алдын алудың басты кепілі.

Сонымен қатар, мектеп оқушыларының салауатты өмір салтын ұстануына, дұрыс және қауіпсіз тамақтануына жағдай жасау мақсатында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық – эпидемиологиялық бақылау комитеті жаңартылған тамақтану стандарттын әзірледі.

Жаңа стандартта оқушылардың жас ерекшеліктері ескеріліп, күнделікті мәзірге пайдалы әрі құнарлы тағамдар енгізілді. Ас мәзірінде сүт және сүт өнімдері, ет, балық, көкөніс, жеміс – жидектер мен дәнді дақылдар қарастырылған. 

Бұрынғы стандартпен салыстырғанда, жаңартылған талаптарда:
•    қант пен тұздың мөлшеріне шектеу қойылған, балалардың жас ерекшелігіне қарай тәуліктік нормалар белгіленген.
•    Зиянды өнімдер алынып тасталған, мысалы: фастфуд, газдалған сусындар, чипсы, шұжықтар, майонез, маргарин, және т.б. 
•    Перспективалы төрт апталық маусымдық мәзір және тарату мәзірі  әзірлерген.
•    Тағамдық аллергиясы, глютен мен лактозаға төзбеушілігі бар балаларға арналған арнайы диеталық мәзір қарастырылған. 
•    Тұтынылатын өнімдердің негізгі бөлігі өсімдік тектес өнімдер болуы тиіс.

Ата – аналарға маңызды ескерту: балаларға сапасы күмәнді, сыртта сатылатын дайын тағам мен тез дайындалатын өнімдерді сатып алуға жол бермеңіздер. Балаларды жеке гигиенасын ұстанып мен пайдалы тағам тұтынуға дағдыландырыңыздар.

Құрметті тыңдармандар!
Балалар – еліміздің болашағы. Олардың қауіпсіз және сапалы тағаммен қамтамасыз етілуі – баршамыздың ортақ міндетіміз. 
Өз денсаулығыңызға және балаңыздың амандығына жауапкершілікпен қараңыз! Сапалы әрі қауіпсіз тағам тұтынып, санитариялық талаптарды әрдайым сақтаңыз!

 

Анар ШАЙХИМОВА,

Атырау облысы СЭБД бөлім басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT