Қасиетті Рамазан айы-мейірімділік пен қайрымдылықтың, бірлік пен берекенің айы. Бұл күндері мешіттерде, мейрамханаларда, кафелерде және үйлерде көптеген адамдар шақырылып, ауызашар өткізу дәстүрге айналған. Дегенмен осындай игі шараларда сақтық шараларын елемеу күтпеген қауіпке-тамақтан улануға немесе ішек инфекцияларының таралуына себеп болуы мүмкін.
Исатай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы сәресі және ауызашар кезінде тағам қауіпсіздігіне ерекше мән беруге шақырады. Ас - Алланың берген нығметі, ал оны адал әрі дұрыс пайдалану-әр адамның жауапкершілігі. Сондықтан жаппай тамақтан уланудың және таралуының алдын алу мақсатында төмендегі талаптарды сақтауды ұмытпаңыз.
Қандай сақтық шараларын ұстану қажет:
- жарамдылық мерзімі өткен, таңбасы анық емес немесе жоқ, ыдысында ақаулық белгілері бар рұқсат етілмеген сауда орындарында тамақ өнімдерін сатып алмау;
- ыдыс бүтіндігінің бұзылу белгілері болса, мұздатылған азық-түлікті сатып алмау;
- тез бұзылатын тағам мен дайын салаттарды бөлме температурасында 2 сағаттан артық сақтамау;
- респираторлық және асқазан-ішек ауруларының белгілері бар науқастардың тамақ дайындауына жол бермеу;
- үйде жеке гигиена ережелерін және ыстық, суық тағамдарды дайындау технологиясын, тамақ өнімдерінің жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттарын сақтау;
- шикі және дайын өнімдерді өңдеу үшін жеке пышақтар мен кесу тақталарын пайдалану;
- көкөніс, жеміс-жидектерді ағынды су не қайнаған сумен мұқият жуу;
- салат, тартылған ет өнімдерін аз мөлшерде дайындап, бір күннен артық сақтамау;
- жаңа дайындалған тағамды басқа тамақтармен араластырмау;
- тағамдарды, әсіресе ет, құс еті, жұмыртқа және теңіз өнімдерін мұқият қуыру не қайнату;
- ішуге және тамақ дайындауға сүзілген суды пайдалану.
Қоғамдық тамақтану орындарында персонал медициналық тексеруден өткеннен кейін және жеке медициналық кітапшасы болғанда ғана жұмысқа жіберу
Тамақ өнімдерінң қауіпсіздігін расатйтын құжаттарының болуы
Улану белгілері пайда болған жағдайда дер кезінде медициналық көмекке жүгіну қажет.
Басқарма басшысы Б.Қартмағанбетова