Туберкулез – әлемде ең көп тараған жұқпалы аурулардың бірі.
Туберкулезбен барлық жастағы адамдар, оның ішінде балаларда ауырады.
Балаларда иммунитет жетілмегендіктен туберкулез жұқпасын жұқтырып алуға бейім келеді. Қазіргі кезде туберкулезбен сырқаттанған балалар арасында туберкулездің дәріге төзімді түрлерінің анықталуы алаңдатады.
Балалардағы туберкулезді ерте кезеңде анықтаудың негізгі әдісі туберкулинді диагностика болып табылады.
Манту сынамасы – арнайы диагностикалық тест, екі халықаралық туберкулинді бірлігі бар тері ішіне арналған туберкулинді Манту сынамасы. Туберкулин – автоклавталған өсінді фильтраты, туберкулез микобактериясы өміршеңдігі өнімі, ағзаның иммундық жүйесіне әсер етпейді.
Манту сынамасы екпе емес, бұл мүлдем қауіпсіз тест. Манту сынамасының нәтижесі 72 сағаттан кейін папула көлемін миллиметрмен өлшеу арқылы бағаланады.
Балаларда туберкулезді анықтау үшін туберкулиндік Манту сынамасы қолданылады, оның мақсаты: туберкулез микобактериясы алғаш рет жұқтырғандарды және туберкулинге гиперергиялық реакциясы бар балалар мен жасөспірімдерді анықтау, БЦЖ вакцинасымен вакцинациялауға контингентті іріктеу, ауруды ерте анықтау.
Манту сынамасымен зерттеп-тексеруге туберкулезбен ауыратын науқаспен қарым-қатынаста болған (отбасылық, туыстық, мектептік (ұжымдық), пәтерлік және басқа қарым-қатынастар), 2 айдан асқан вакцинациялау алдындағы, жоғарғы тәуекел тобындағы балалар жатады.
Туберкулезбен ауру бойынша жоғарғы тәуекел тобына:
- ата-аналары АИТВ жұқтырған, бас бостандығынан айыру орнынан шыққан, маскүнемдіктен, нашақорлықтан зардап шегетін, табысы аз, көшіп-қонушы отбасыдан шыққан;
- қант диабеті, бронх-өкпе жүйесінің тән емес аурулары, тамақтанудың бұзылуы (дене массасының тапшылығы) АИТВ-инфекция бойынша диспансерлік есепте тұрғандар, иммундық супрессивті терапия алатындар (глюкокортикоидтер, цитостатиктер, гендік-инженерлік биологиялық препараттар және басқалары), мүгедектер;
- БЦЖ вакцинасымен егілмеген және вакцинасының белгісі қалыптаспаған балалар;
- стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде және психоневрологиялық диспансерлерде арнайы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер алатын балалардың контингенті жатады.
Туберкулез бойынша тәуекел тобын учаскелік педиатр немесе жалпы практика дәрігері бекітілген балалар санынан қалыптастырады. Баланың даму тарихында учаскелік педиатр (жалпы практика дәрігері) қауіп факторларын көрсете отырып, туберкулез бойынша тәуекел тобына баланы алудың эпикриз – негіздемесін ресімдейді.
Манту сынамасы ата-ананың жазбаша келісімімен жүргізіледі.
Ата-аналар Манту сынамасынан бас тартпастан бұрын балаларға Манту сынамасының зиянсыз екенін және туберкулезді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретінін есте ұстауы керек.
Аймұратова Алтынгүл Бөкенбайқызы
Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары