Туберкулез – емделетін ауру

Туберкулез – жұқпалы ауру. Негізгі жұғатын көзі – микробтар тарататын науқас адам.

Науқас адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде, ән айтқанда түкірікпен, қақырықпен туберкулез микробтарын бөліп шығарады және олар 1,5 метрден бес метрге дейін шашырайды, ең қауіптісі, ол ауаға таралып, бір сағаттан көп уақыт сақталады.

Науқас адамның жерге немесе еденге түкірген қақырығы бірте-бірте кебеді де, ақырында шаңға араласады, шаң ауаға көтеріледі, дем алған кезде сау адамның өкпесіне енеді. Одан басқа аурудың ыдыс-аяғы, киім-кешегінен, кір қолынан және сүйіскен кезде жұғады. Сол сияқты туберкулезбен ауыратын үй жануарлары да: сиыр, түйе, доңыз туберкулез ауруын таратады. Туберкулезбен ауыратын малдың сүтін шикілей ішкенде немесе тауықтың жұмыртқасын пісірмей жегенде жұғады.

Көп жағдайда сырқат белгісі науқас адамға білінбей басталады да, тек қана Манту реакциясын қойғанда, қақырықты “Кох таяқшасына” тексергенде немесе флюорографиялық байқаудан өткенде табылады. Біздің халықта егде тартқан адамдарда туберкулез болмайды деген ұғым бар. Бұл ұғым дұрыс емес. Туберкулез жас талғамайды және әр жастағы адам ауырады, адам ағзасының әртүрлі органдарын зақымдайды. Ұлтына, нәсіліне, дәрежесіне қарамайды. Туберкулез науқасына санитарлық-ағарту мәдениеті төмен адамдар, уақытында тамақтанбайтындар, өз денсаулығына мән бермейтіндер, маскүнемдер, нашақорлар, жүйкесі тозғандар, есі ауысқандар, үй-жайы жоқ кезбелер, гармон дәрілерін көп қабылдайтындар, тұмаумен жиі ауыратындар, қант диабеті, өкпе-тыныс жолдары сырқатының созылмалы түрі мен асқазан-ішек жараларымен ауыратындар, жүкті әйелдер, жас балалар, кәрі кісілер бейім тұрады.

Туберкулезбен ауырған адам одан жазылу үшін ұзақ уақыт дәрі ішіп, емдік шараларын пайдаланғаны жөн. Қандай жағдай болмасын, туберкулезге шалдыққан адам тез арада емделуі қажет. Қазіргі уақытта туберкулезбен ауырған жанды емдеп жазуға болады.

Роза МУХАНОВА,

аудандық орталық аурухана фтизиатры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521