Туберкулез рентгенологиялық әдіспен анықталады, яғни кеуде қуысын флюорорграфиялық және рентгенологиялық тексеруден өткізу. Ал балалар арасында туберкулезді анықтаудың маңызды әдісі-туберкулин сынамасын қою. Туберкулин диагностикасы 12 айдан бастап 14 жасқа жеткен тәуекел тобындағы балаларға Манту сынамасын қою арқылы жүргзіледі. Манту сынамасын бұрынғы қойылған сынамалардың нәтижесіне қарамастан жылына бір рет қояды. Ол БЦЖ вакцинасын егу мен қайта егу контингентін іріктеу мақсатында жасалады. Балалар үшін БЦЖ вакцинасын егу жаңа туылған бала перзентханада 0-4 күн ішінде алады. Бұл, туберкулез менингиті, ауыр түрдегі аурулардың таралуынан қорғайды. БЦЖ ревакцинациясы тек дені сау, қойылған Манту сынамасы теріс болған 6-7 жастағы балаларға жүргізіледі.
Жалпы туберкулез дегеніміз - бұл өкпе және лимфа түйіндерде ерекше қабыну өзгерістерінің пайда болуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Туберкулез - бұл тек өкпе ауруы ғана емес, сонымен қатар адамның барлық ағзаларының - сүйек, бүйрек, мидың және ми қабықтарының, терінің, көздің және басқа ағзалардың да зақымдануы. Алайда, өкпе туберкулезі жиі кездеседі. Оның жұқтырудың негізгі көзі - туберкулездің ашық түрімен ауыратын, яғни сыртқы ортаға микобактерияны бөлетін адам.
Туберкулез қалайша тарайды? Ауа барлық адамға ортақ болғандықтан туберкулез бактериясын жұқтырудан ешкім қорғалмаған. Сондықтан, Туберкулез адамнан адамға ауамен таралады. Әсiресе балалар мен егде жастағылар үшiн өте қауiптi. Ауру жөтелгенде, түшкіргенде өкпе туберкулезі бар адамдар ауаға туберкулез бактерияларын жаяды. Жұқтыру үшін адамға осындай бактериялардың аз ғана мөлшерін дем алуы жеткілікті. Науқас адам жөтелгенде қақырықпен бірге, түшкіру, сөйлеген кезде қоршаған ортаға 2-6 м радиуста ауада таралатын миллиондаған микобактерияларды бөледі, олар еденге, заттарға шаңмен бірге тұнады және көптеген жылдар бойы сақталып қалуы мүмкін.
Туберкулездің алдын алу шаралары қандай?
1. Салауатты өмір салтын ұстану. Бұл мақсатқа жету үшін ең жақсы жолы - күн тәртібін құру және ағзаны шынықтыру.
2. Жыл мезгіліне қарамастан, таза ауада мүмкіндігінше көбірек болу қажет, өйткені таза ауа ағзаға жақсы әсер етеді және шынығудың тамаша жолы болып табылады.
3.Күн және су процедуралары, дене шынықтырумен айналысу, демалыс пен еңбек жүктемесінің дұрыс үйлесімі, толыққанды, дәрумендерге бай тамақтану, жеткілікті және уақтылы ұйқы, яғни дұрыс гигиеналық тәртіп адам ағзасының нығаюына ықпал етеді және оны туберкулез ауруынан қорғайды.
4. Жеке бас гигиена ережелерін сақтау: жуу құралдарын және ағынды суды пайдалана отырып, қолды, ыдыстарды жуу, тұрғын үй-жайларды ылғалды жинау және желдету, ет пен сүтті міндетті термалық өңдеу, жеке гигиеналық құралдар мен ыдыстарды пайдалану.
Туберкулезбен ауыратын адаммен жақын қарым-қатынас жиi, әрi ұзақ болса, түрлi себептермен ағзаның қорғаныш күшi әлсірегенде туберкулез таяқшалары белсендiлiк танытып, аталмыш аурудың қозуына себепшi болады. Бүгiнде ауру ерте анықталып, емдеу шаралары уақытылы жасалған жағдайда туберкулезден толық сауығып шығу мүмкіндігі дәлелденген. Сондықтан, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік. Ол үшін СЭБ басқарма маманы ескерткен алдын алу шараларын үнемі ұстануға шақырамын.
Исатай аудандық СЭББ басшысының у.м.а Г.Б.Бисенбай