Туляремияның қоздырғышы - өте ұсақ бактерия

Туляремия –жедел инфекциялық, табиғи-ошақты ауру. Калифорнияның (АҚШ) Туляре округінде 1911 жылы анықталған, обаға ұқсастығы бар. Қазіргі уақытта туляремия Солтүстік жарты шардың көптеген елдерінде белгілі.

 

Қазақстан аумағында негізгі үш ошағы бар: Шығыс-еуропалық (Қазақстанның солтүстік-батыс облыстары), Батыс-сібір-Солтүстік-қазақстандық (Қазақстанның солтүстік және солтүстік-шығыс облыстары) және Ортаазиялық ошақ.

 

Атырау облысы аумағында туляремияның бұрынғы табиғи ошағы Құрманғазы ауданының Еділ арнасында және теңіз жағалауы бөлігінде орналасқан. Осы ауданда тұрғындар арасында туляремиямен аурушылық соңғы рет 1959 жылы тіркеліп, сыртқы ортадан туляремия қоздырғыштары 1961 жылы анықталған. Соған қарамастан, Құрманғазы ауданының бұрынғы табиғи ошағы аумағында зоопаразитологиялық зерттеулер жалғасуда. Кейбір жылдары әкелінген далалық материалдардан зертханалық зерттеулер негізінде серологиялық нәтижелер анықталды, бұл туляремия жұқпасының шағын ошақтарының болу мүмкіндігін көрсетеді. Туляремияның бұрынғы табиғи ошағының аумағына эпизоотологиялық тексеру жыл сайын көктем мен күзде Атырау обаға қарсы күрес станциясының Құрманғазы бөлімшесімен жүргізіледі.

 

Табиғатта туляремия қоздырғышы көптеген жабайы жануарлардың – кеміргіштер, жәндіктер, жыртқыштар, балықтар, құстар, қосмекенділердің ағзасында тіршілік етеді. Иксод кенелері туляремия инфекциясының сақтаушылары мен тасымалдаушылары болып табылады. Соналар, масалар да жұқпаны тасымалдайды.

 

Туляремияның қоздырғышы – өте ұсақ бактерия. Туляремия микробына төмен температура және ылғалды орта қолайлы.

 

Инфекциялық қоздырғыштың берілу жолдары мен жұқтыру механизмдерінің көптігі туляремияның негізге ерекшеліктері болып табылады.

 

Жұқпа көзіне байланысты адамдарда жұқтырудың келесі жолдары байқалады: қарым-қатынаста – қоздырғыштың ауыз қуысының, асқазан-ішек жолдарының шырышты қабаты арқылы енгенде, аспирациялық – ауру жануарлардың бөлінділерімен ластанған ауаны жұтқанда, трансмиссивті –жәндіктер немесе кенелермен жанасқанда жұғады.

 

Жұқпа адамнан адамға берілмейді.

 

Аурудың барысы қоздырғыштың адам ағзасына ену жолымен байланысты. Қазіргі уақытта аурудың 6 клиникалық түрі бар. Терінің және көздің шырышты қабығы арқылы қоздырғыш енгенде бубонды, бубонды-ойық жара және көздің бубонды туляремиясы байқалады. Ауыз арқылы енгенде ангинозды-бубонды және ішек түрлері пайда болады. Тыныс алу жолдары арқылы енгенде өкпе түрімен ауырады.

 

Туляремия жұқтырғаннан 3-7 күннен кейін кенеттен дене қызуының күрт көтерілуімен, қалтырауымен басталады. Науқастар бас ауруына, жалпы енжарлыққа, бұлшықеттердің ауыруына, бас айналуға, тәбеттің төмендеуіне шағымданады. Құсу, мұрынан қан кетуі мүмкін.

 

Егер мұндай белгілер байқасаңыз тез арада тұрғылықты жеріңіз бойынша дәрігерге қаралуыңыз қажет.

 

Алдын алудың ең тиімді әдісі – туляремияның табиғи ошақтарында тұратын халықты туляремияға қарсы вакцинациялау болып табылады.

 

Туляремияның алдын алу келесі шараларды қамтиды:                                    

 

- кәсіпорындарда, тұрғын үй-жайларда кеміргіштерді жою;

 

- табиғат аясына шыққанда репелленттерді (жәндіктердің шағуынан қорғайтын) қолдану;

 

- ашық су қоймаларынан ауыз суды шикілей пайдаланбау;

 

- кенелердің шабуылынан және кеміргіштермен байланыстан қашу үшін далада жұмыс жасағанда уақытша тұрақтар мен киіз үйлерді тіккенде, демалатын орынды кеміргіштердің інінен, мал жайылатын жерлерден қашыққа орналастыру;

 

- шаңның пайда болуымен жүретін жұмыстарды жеке қорғаныш құралдарын (мақта-дәке бинті немесе респиратор, қолғап) қолдану арқылы жүргізу қажет.

 

Есіңізде болсын, жоғарыда көрсетілген ұсыныстарды орындау арқылы Сіз туляремия жұқпасынан өзіңізді қорғайсыз.

 

 

 

Бекешева Әлия Аюпқалиқызы

Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT