Түркияда індеттің екінші толқыны байқалды. Қазақстандағы ахуал қалай?

Бір вируспен ауырған адамның денесінде сол вирусқа қарсы иммуниеттің пайда болатыны белгілі.

Covid-19 бұл заңдылыққа бағына ма? Бұл сұрақтың жауабы әзірге нақтылана қойған жоқ. Дегенмен, коронавирустан зардап шегіп жатқан елдерде инфекциядан сақайып кеткен науқастардың қайталай инфекцияға шалдығуы көбірек тіркелген. Мәселен, Испанияда жазылып кеткендердің 14 пайызы қорқынышты індетпен қайталап ауырған деген дерек бар. Бұл жағдай Жапония мен АҚШ жерінде де тіркеліпті.

Испанияның Ұлттық Биотехнология орталығының мәліметінше вирус адамға екінші рет те жұғатыны немесе денедегі вирус 3 айға дейін сақталып, иммунитет әлсіреген кезде вирус қайта күшейеді. Әдетте инфекцияға қарсы бір реттік емдеу шарасы сол індеттен өмір бойы қорғау мүмкін.

РИА Новости таратқан соңғы ақпаратта Түркияда коронавирустың екінші толқыны басталғаны жайлы хабар жетті. "Пандемия жалғасып жатыр, күн сайын жұқтырғандар көбеюде. Бізде бірінші толқындағыдай екінші рет жаппай жұқтырғандардың саны артты. Анкара, Ыстамбұл, Измир, Бурсада әлі күнге дейін қауіп жоғары" депті елдің денсаулық сақтау министрі Фахреттин Коджа.

Оның айтуынша, елдің шығыс провинцияларында да - Газиантеп, Шанлыурф, Мардин, Эрзурумда жұқтырғандар көбейіп жатыр.

Министрліктің соңғы деректері бойынша, Түркияда сәрсенбі күні 1 596 жағдай тіркелген. Бұл - 15 маусымнан бастап тәулік ішіндегі ең көп өсім. Жалпы жұқтырғандар саны 273 301-ге жетті. Соңғы тәулікте 45 адам қайтыс болды, ал пандемия басталғалы бері 6462 науқас көз жұмды.

Ал, Tengrinews.kz тілшісі бүгінгі ақпаратында өткен тәулікте Қазақстанда індеттің 571 жағдайы тіркелгенін айтқан. "Өткен тәулікте (2 қыркүйекте) коронавирустық инфекция белгілері бар пневмонияның 571 жағдайы және 6 өлім жағдайы тіркелді. Оған қоса 79 адам емделіп шықты" деп жазды ДСМ баспасөз қызметі" делінген сайтта.

Айта кетейік, елімізде 1 тамыздан барлығы: ауырғандар - 26 322, 301 өлім жағдайы тіркелді, ал жазылып шыққандардың саны 5 773-ке жетіпті.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521