Тырысқақ туралы не білуіміз керек

(0 Votes)

Тырысқақ –тырысқақ вибриондары тудыратын аса қауіпті инфекциялар тобына жататын жедел жұқпалы ауру. Тырысқақ сыртқы орта арқылы адамнан адамға беріледі. Жұқпаның берілу механизмі бойынша тырысқақ ішек инфекциясы болып табылады.

Инфекция қоздырғышының жалғыз көзі – инфекциялық процесстің клиникалық формасы мен ағымына қарамастан науқас адам, сондай-ақ вибрион бөлушілер, яғни жұқтырушылар болғанымен тырысқақпен ауырмайтын адамдар. Жұқтыру механизмі – фекальді-оральді, тырысқақ қоздырғыштарының жетекші берілу жолы – су, сирек жағдайда тұрмыстық-байланыс, тағам.  Тырысқақтың жасырын кезеңі (науқас жұқтырған сәттен бастап аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейінгі аралық) 1-ден 5 күнге дейін, көбінесе 2-3 күнге созылады.

         Тырысқақ вибрионы адам ағзасына зақымдалған тамақ пен суды тұтынған кезде ауыз арқылы енеді.  Сондай-ақ, адам тырысқақты науқасқа күтім жасаған кезде қолданған тұрмыстық заттары арқылы жұқтыруы мүмкін.  Шыбындар да қоздырғыштың таралуына ықпал етеді. Ластанған су айдындарында шомылған кезде суды жұтып қойған жағдайда жұғуы мүмкін.  Тырысқақ ауруы интоксикациямен, ағзаның сусыздануымен және нәжісте микробтардың бөлінуімен бірге жүретін жедел энтериттің дамуымен сипатталады. Нәжіс «күріш суы» сияқты: мөлдір, бұлыңғыр-ақ түсті, кейде қалқымалы сұр үлпектер жүреді, иіссіз немесе тұщы судың иісі болады.

Бұл инфекция бірнеше сағат ішінде ауыр сусыздандыруға және өлімге әкелуі мүмкін.

          Тырысқақ диагнозы ең алдымен клиникалық көрінісі негізінде эпидемиологиялық жағдай және бактериологиялық расталу мәліметтерін ескере отырып қойылады.

         Тырысқаққа күдік тудыруға негіз болатын келесі белгілер: қызба (температура – 37оС  және одан жоғары), жүрек айну, іш өту, құсу, бас ауруы, сонымен бірге тырысқақтан қолайсыз елдерден әкелінуін ескеру қажет.

          Басқа жіті ішек жұқпаларынан тырысқақ клиникалық ағымының ауырлығымен, жоғары өлім-жітімімен және салыстырмалы түрде қысқа мерзімде ауқымды аумақтарға таралып, халықтың көпшілігіне жұқтыру қабілетімен ерекшеленеді. Осы ерекшеліктері үшін тырысқақ аса қауіпті жұқпалар тобына жатады. Тырысқақты алдын алу инфекцияның елге әкелінуін болдырмау шараларына негізделген. Сондықтан тырысқақ Казахстан Республикасының аумағында санитариялық қорғау шараларын жүзеге асыруды қажет ететін аурулар тізіміне енгізілген.

Тырысқақтың алдын алу шаралары келесідей:

- жеке гигиена шараларын сақтаңыз: тамақ ішер алдында және әжетханаға барғаннан кейін қолыңызды мұқият жуыңыз;

- қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішіңіз;

- ұйымдастырылған демалысқа рұқсат етілген су айдындарында шомылыңыз, ауызға су кіруіне жол бермеңіз;

- теңіз өнімдерін шикілей  пайдаланбаңыз;

- азық-түлік, жеміс-жидек пен көкөністі рұқсат етілген сауда орындарынан сатып алыңыз;

- жемістер мен көкөністерді қайнатылған немесе бөтелкедегі сумен мұқият жуыңыз.

Тырысқақ ауруының белгілері пайда болған жағдайда (жүрек айну, құсу, сұйық нәжіс, бас ауруы, бас айналуы) дереу дәрігерге жүгіну қажет. Медициналық көмекке ерте жүгіну тырысқақты тиімді емдеуді дер кезінде жүргізуге және қолайсыз нәтиженің алдын алуға мүмкіндік береді.

Тырысқақтың алдын алудың негізгі шараларын сақтау арқылы, Сіз осы қауіпті жұқпалы ауруды жұқтырудан  сақтана алатыныңызды ұмытпаңыз.

 

 

Аймұратова Алтынгүл Бөкенбайқызы

Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT