Ұжымдық иммунитет – қалыпты өмір кепілі

Жалпы Исатай ауданында коронавирус жұқпасы бойынша эпидемиологиялық ахуал күні бүгін тұрақты.

Бұл осы індеттің алдын алу барысында ауылдастарымыздың саналы түрде вакцинациялаудан, ревакцинациядан өтуінің, ұжымдық иммунитеттің барының әсері. Алайда, жаңа штамдардың пайда болуын ескере отырып, арқаны кеңге салуға болмайтынын тағы да қаперлегіміз келеді.

Әлемді жайлаған індет елімізге дендеп кіріп, екі жылдан астам уақыт бойы қаншама адамдар ауырып, қаншама жандар жақынынан айырылды. Осы індеттің бірнеше өршу кезеңдерінен өтіп келеміз, алайда, әлемде коронавирустың мутацияға ұшырауы нәтижесінде жаңа штамдар пайда болып жатыр.

Өздеріңізге ақпарат құралдарынан мәлім, көптеген мемлекетте, оның ішінде Қазақстанмен көршілес орналасқан елдерде «стелс-омикрон» штаммы тіркеліп отыр. ҚР Бас санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес Қазақстанға кірерде ПТР-тестілеуден өту міндетті болып қалды. Өйткені ол - эпидемиялық жағдайды бақылауға көмектесетін алдын алу шараларының бірі. Сонымен қатар ұжымдарда, адамдар көп жиналатын жерлерде бетперде тағуға ұсыныс берілді.

Қазіргі уақытта адамдардың көбі өз түсінігімен карантиндік шектеулер алып тасталынды, ауруды жеңдік,  вакцинациядан, ревакцинациядан өтпейміз деп ойлайды. Бұл - өте қате ой. Өйткені, осыдан бір жыл не жарты жыл бұрын вакцина алған адамдар ревакцинациядан өтпеген жағдайда коронавирустың пайда болуы мүмкін жаңа штамдарын бірінші жұқтырып алуы ғажап емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, вакцинацияланған және ревакцияланған адамдар COVID-19 вирусының кез келген мутациялық штаммына төтеп бере алады. Жұқтырғанның өзінде жеңіл өткеруіне септігі тиеді.

Алдын ала егу салдырғаннан кейін адам ағзасында ауруға қарсы антиденелер пайда болады. Бірақ, бірнеше айдан кейін иммунитет жаңа штамдардың әсерінен әлсірей бастайды. Сондықтан, бұл жағдайда, коронавирустық инфекцияға қарсы екі екпені алғаннан кейін 6 айдан соң үшінші доза, яғни, ревакцинациядан өтуі қажет.

Қалыпты өмір сүру үшін ұжымдық иммунитетке қол жеткізуіміз керек. Індеттің алдын алып, аудан тұрғындарын вакцинациялау үшін аудандық емхана және оған қарасты ауылдық округтердегі дәрігерлік мекемелерде егу пункттері жұмыс жасап тұр. Аудан тұрғындарын иммундауға вакцина қоры жеткілікті. Вакцина тапшылығы жоқ. Егу пункттері үзіліссіз және демалыссыз жұмыс жасайды.

КВИ-ға қарсы вакцинация және ревакцинация үшін QazVac, Sinopharm, Комирнати (Pfizer) вакциналары бар. Осыған дейін тек тиісті контигенттер ғана  Комирнати (Pfizer) вакцинасымен егілетін болса, қазіргі уақытта аталған вакцинамен тегін кез келген азамат салдырта алады.

Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясына қарсы жаппай вакцинациялау жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі күні ауданымызда Ffizer препаратымен 18.04.2022 ж. дейін өсіммен барлығы 550 адам иммунизациядан өтті, оның ішінде 12 жастан асқан жасөспірімдер саны – 350, жүкті әйелдер – 21, бала емізетін аналар – 179.  Ал, 3013 адам ревакцинациядан өтті. Бақылау кезеңінде аталған препаратпен вакцинацияланғаннан кейін ешқандай асқыну деректері орын алған жоқ.  

Жалпы тұрғындарға айтатынымыз, вакцинация сізді індеттен құтқарады, пандемияның алдын алады. Қауіпті инфекцияны жұқтырғанның өзінде жеңіл өтеді.

«Басты байлық – денсаулық» демекші, біз әрқайсысымыз өз денсаулығымызға жауаптымыз. Өзіңіздің және жақындарыңыздың өмірін қорғаңыз! Сондықтан аурудың алдын алу үшін вакцина алмаған азаматтарымызды  індетке қарсы екпе алуға, егер вакцинаның 2 компонентін де салдырып, арада 6 ай өтсе, ревакцинацияланудан өтуге шақырамын!

Бақытгүл ҚАРТМАҒАНБЕТОВА,

Исатай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521