Қан тамырлары ауруларына әкелетін себеп көп. Соның бірі аурудың – генетикалық тұрғыда баласына берілуі болып табылады, - деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Атырау облыстық кардиоорталықтың жүрек қан-тамырлар хирургі Ерлан Мәдешовтың сөзіне сілтеме жасап.
"Қан тамырлары ауруларының себебі көп. Көпшілігі тұқым қуалайтын аурудың қатарына жатады. Мәселен, варикозды (көк тамыр ауруы) алсақ, бұл - генетикалық жолмен берілетін дерт. Бұрын әжесі, иә анасы ауырса кейінгі қызында да кездеседі. Сондай-ақ, ауруды туындататын себептер де болуы мүмкін. Әсіресе, жүктілік кездегі салмақ, күні бойы аяққа күш түсіріп бір орында жұмыс жасау ауруды туындатады. Бір орында тұрғаннан қан айналымы нашарлайды, содан кейін аяқта тамырлар үлкейіп, дененің сыртына көріне бастайды. Алғашында тамыр білеуленіп, аяқта жұлдызша тамырлар пайда болғанда-ақ аурудың алдын алу керек" дейді Ерлан Қанатбекұлы.
Маманның айтуынша, тамыр кеңейген сайын қан айналымы нашарлайды. Қан жүрмеген сайын ағзадағы өзге аурулар септесіп, қанның тамырда ұйып тұруына әкеледі. Содан кейін тромбофлебит пайда болады. Тромбтың асқынуы өлімге дейін апаруы мүмкін.