Ветеринариялық шараларға бейқам қарамайық

«Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деген астарлы нақылды физиолог ғалым, академик И.П.Павлов тегін айтпаса керек.

Өйткені, адамның өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ветеринарияның атқаратын міндеті зор. Адамның өміріне қауіп төндіретін көптеген індеттік аурулар адам мен жануарларға ортақ болып келетіні, және де көпшілік жағдайларда адамға жануарлардан тікелей, немесе олардан алынатын түрлі өнімдер арқылы жұғатыны белгілі. Сол себепті, үкімет тарапынан арнайы бағдарламалар қабылданып, мемлекет қаржысы есебінен жүргізілетін адам мен жануарларға ортақ аса қауіпті індеттік аурулардың алдын алу мақсатындағы диагностикалық тексерулер мен ветеринариялық-профилактикалық шаралар белгіленген.

Осы шаралардың қатарындағы бруцеллез індетіне қарсы малдың қан сынамаларын зертханалық тексеру мен сібір жарасы, құтыру, қарасан, оба сияқты індеттерге қарсы егу, меншік түріне қарамастан, мейлі ол шаруа қожалығы немесе жеке тұрғын болсын, мемлекет қаржысы есебінен тегін жүргізіледі. Осы шаралармен қамтылуының негізі – жануар меншік иесінің атына тіркелген, яғни, сырғаланған болуы. Көпшілік жағдайларда, жеке тұрғындар иелігіндегі малын жергілікті атқарушы органға, яғни, әкімшілікке санаққа берумен шектеліп, жеке тіркеу нөмірімен құжаттандыруға мән бермейді. Мысалы, отбасы мүшелерінің саны, үй, техника да санаққа беріледі. Бірақ, жеке төлқұжатсыз жүрген адам, техникалық құжатсыз үй немесе техника құралы жоқ. Құжаттандыру тәртібі заңдылық тұрғысында белгіленген.

Құжаттандыру мүйізді ірі қара, ұсақ мүйізді қара, түйе малдарының төлін туылғанынан кейінгі жеті күндігінен бастап, ал жылқы төлін төрт айлығынан бастап, он төрт жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, сойылған немесе сатылған малдар есептен шығаруға жатады. Ол үшін заңға сәйкес мал иесінің жазбаша өтініші талап етіледі.

Ал, іс жүзінде ше? Өкінішке орай, кейбір жағдайларда мал иелері, аяқастынан қажеттілікке жарату керек болғанда құжаттандырылмаған малдарына ветеринариялық анықтама сұрап, ветеринариялық дәрігерлерді орынсыз кінәлап, әкімдіктерге шағымданатыны бар. Осы орайда, ветеринариялық алдын алу шаралары – диагностикалық тексерулер мен түрлі індеттік ауруларға қарсы егуге арналған препараттармен қамту құжаттандырылған мал басы саны бойынша жүргізілетінін және де ол мал иесінің денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат ететіндігін баса айтқымыз келеді.

Күні бүгін аудан көлемінде ветеринариялық шаралардың тиісті деңгейде атқарылуына қиындық тудырып отырған жайттардың ең бастысы – тұрғындардың иелігіндегі малын толықтай сырғалатпауы мен қажетіне жаратқандарын дер кезінде есептен шығармауы болып отыр. Бұған дәлел - малдардан алынған қан сынамаларын зертханалық тексеруге тапсыру кезінде қаны алынған мал басы мен ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқоры бойынша мал иесінің атына тіркелген мал басының сәйкес келмей жатуы. Мұндай жағдайлар ветеринариялық дәрігерлердің жұмысына кедергі келтіріп, ветеринариялық шаралардың дер кезінде және сапалы атқарылуына кері ықпалын тигізері сөзсіз.

Отбасының игілігі үшін мал өсіріп, одан алынатын табиғи және құнарлылығы жоғары тағамдық өнімдерін пайдалануды дағдыға айналдырған ағайынның кәсібі құптарлық. Осы орайда, мал иелеріне өндірген өнімінің қауіпсіздігін де үнемі назарда ұстауы міндеттелетінін ескеру керек. Оның қауіпсіздігінің басты кепілі – өнім алынатын малдың жыл сайын қаны алынып, жоспарлы түрде жүргізіліп отырылатын түрлі ауруларға қарсы зертханалық тексерулер мен алдын ала егістерден өткізілуі, өнім өндіру бойынша қойылатын ветеринариялық-санитариялық және санитариялық-гигиеналық талаптардың қатаң сақталуы. Осы бағыттағы мал иесінің жауапкершілігі мен міндеттері «Ветеринария туралы» Заңда айқын көрсетілген. Алайда, жауапкершілік сұралған кезде, міндеттерімізді білмейтін, оны бізге түсіндірмеген болып шығамыз. Бұл, расымен білмегендік пе, немқұрайлылық па, әлде, жалтарушылық па?! Заң талаптарының орындалуы баршаға бірдей. Ақпараттық технологияның дамыған заманында мұндай уәждер қисынға сыймайды.

Қазіргі таңда, шаруашылық жүргізудің нарық жағдайларына бейімделуі өзіне тән ерекшеліктерге сай, бәсекелестік орта қалыптасуына әкелді. Осындай мақсатпен шалғай жерлерден тұқымдық малдар әкелінеді. Ветеринариялық заңдылықтарға сәйкес, ол малдар алдын ала карантинге қойылып, ветеринариялық тексерулерден өткізілген болуы шарт. Шаруашылықтан шетке шығарылатын малдарға да осындай талаптар қойылады. Оның мақсаты – шаруашылыққа жұқпалы аурулар қоздырғыштарының енуінен және таралуынан қорғау. Яғни, аталған шаралардың барлығы мал иелерінің мүддесі үшін жасалады. Кейбір жағдайларда ауылдастардың осы талаптарды ескермей, кейін «әттеген-ай» дегізетін жағдайларға тап болып жататыны жасырын емес. Мұндай олқылықтардың жеке тұрғындар емес, бірнеше жылдар бойы мал өсірумен шұғылданып келген шаруа қожалықтарының да тарапынан жіберіліп жататыны, соның ішінде, несиеге алынған қаржыға әкелінген малдар болып келетіні қынжылтарлық.

Үкіметіміз тарапынан мал шаруашылығын дамытуға, сол арқылы азық-түлікпен қамтамасыз етуге жағдай жасалуы мақсатында берілетін жеңілдіктерді жеке мүддесі үшін ғана пайдаланып, несиеге алынып, мемлекет тарапынан субсидияланған мал басы кейін қайда кеткені белгісіз болып, есебі жүргізілмейтін шаруашылықтардың тиісті аумақтағы ветеринариялық қызметтің қажетті деңгейде жүргізілуі мен індеттік ахуалдың қолайлылығының сақталуына кесірін тигізері айдан анық.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді халық даналығы. Ендеше, мал басын өсіруде шаруашылықтың тиімді жүргізілуінің басты кепілі – қаржылық шығындар емес, мал басы шығынын болдырмаудың бірінші кезекке қойылуы. Өз кезегінде ол малдың дұрыс күтімі мен саулығына байланысты.

Қазіргі таңда, аудан көлемінде жануарлардың аса қауіпті індеттік аурулары бойынша жағдай тұрақты. Десек те, зооантропоноздық – жануарлардан адамға жұғатын аурулар қатарына жататын бруцеллез ауруы бойынша қолайсыздық жағдайына күдік жоқ емес. Бұған дәлел ретінде, ауданымызда бруцеллезге бейім жануарлар саны өткен жылдармен салыстырғанда еселеп артып келе жатқандығын айтуға болады. Алдыңғы, яғни, 2017 жылы 38 бас мал бруцеллезге «оң» нәтиже беріп, санитарлық талаптарға сай союға жіберілсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 91 басқа жетті. Көршілес аудандарда да бруцеллезге «оң» нәтиже берген жануарлар саны мен оның адамдарға жұғуы жағдайларының артып келе жатқандығын ескерсек, алаңдауға негіз жоқ емес. Статистикалық деректерге сүйенсек, облыс көлемінде, соңғы бес жылда бруцеллез жұқтырған адамдар саны жетпіске жуықтаған. Біздің аудан көлемінде адамдардың жануарлардан бруцеллез ауруын жұқтыруы жағдайлары тіркелмегенімен, екі тұрғынның өзге аудандардағы шаруашылықтарда күнкөріс қамымен еңбек етіп жүріп, бруцеллез ауруын жұқтырып алуы жағдайларының тіркелуі өкінішті.

Дүниежүзі бойынша, сұранысқа ие, мәртебесі жоғары мамандықтар қатарындағы ветеринариялық қызметке немқұрайлы қарап, қажеттілігін толық түйсінбей, мал шаруашылығын оларсыз да жүргізуге болады ғой деген түсініктегі шаруагерлерге, дәлелді алыстан іздемей-ақ, көршілес аудандардағы асыл тұқымды мал басынан толық дерлік айырылып қана қоймай, адамдарды да айықпас дертке шалдықтырған шаруашылықтардың тәжірибесі сабақ болуы керек. Салдары кейін қалпына келтіруге келмейтіндіктен, ол туралы алдын ала ойланған абзал.

Аманжол РАХМЕТОВ,

аудандық ветеринариялық стансы директоры, аудандық мәслихаттың депутаты, мәслихаттың «Нұр Отан» партиясы фракциясы мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521