Вирустық гепатит – негізгі бауырдың зақымдалуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Гепатиттің дамуының себептері әртүрлі болып келеді, мысалы, ішімдікті артық пайдалану, улы заттармен улану, дәрілік заттарды шамадан тыс қолдану және тамақтану ережелерін ескермеу. Алайда, гепатиттердің жиі қоздырғыштары – вирустар болып табылады.
Вирустардың таралуы
Бүгінгі күні вирустық гепатиттердің бірнеше түрлері белгілі, олар А, В, С, D, E типті вирустары. Вирустық гепатиттердің таралу қаупі жоғары болуына байланысты, денсаулық сақтау жүйесінде маңызды мәселенің бірі болып қалуда. Жұқпаның тұрғындар арасында берілу жолы мен таралуы әртүрлі. А және Е гепатиттерінің берілу механизмі фекальды-оралды, яғни сырқат адамның нәжісімен ластанған тағамды немесе суды пайдалану нәтижесінде сырқаттанады. Сырқаттанушылық сапасыз су жүйесімен, тағамдардың ластануымен, санитарлық жағдайдың нашарлығы, гигиена ережелерінің сақталмауымен тығыз байланысты.
Вирустық «В», «С», «D» гепатиттері - парентералды вирустық гепатиттер тобына жатады. Парентералды гепатиттер әлемде кең таралуымен және сырқаттанушылықтың ауыр салдарына әкелуімен қауіпті. Қазіргі кезде В, С, Д вирустық гепатиттерінің бауыр циррозы мен қатерлі ісігіне ұласуы жиі кездеседі.
Вирустық «В», «С», «D» гепатиттері инфекциясымен жұқтырылған қан немесе қан элементтерін (эритроцитралық, тромбоцитарлық масса) кұю кезінде, әртүрлі емдік – диагностикалық емшараларда (ота жасау, ине салу, босану кезінде және тағыда басқа жағдайда) стерильденбеген инструмент қолданғанда және жыныстық қатынас арқылы жұғады. В вирустық гепатиті босану кезінде анадан балаға жұғуы мүмкін. Егер жүктіліктің соңғы кезеңінде жедел гепатит түрімен ауырған болса, сырқаттанушылықтың анадан балаға берілу қаупі артады. Бірақ вирустық гепатит ана сүтімен берілмейді.
Сондай – ақ жұқпа татуировка, пирсинг салған кезде, құлақ ұшын тескенде, косметологиялық шаралар (маникюр, педикюр, қырыну) кезінде жұғады.
Аурудың белгілері
Сырқаттанушылықтың жеңіл ағымды түрлері мен ауыр ағымды түрлеріне дейін көріністері болады. Аурудың мынадай клиникалық белгілері: дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, жүрек айну, іш қуысында жайсыздықтың, тері мен склераның сарғаюы – жиі көрінеді. Сырқаттанған адамдардың көпшілігі толығымен сауығып кетеді, бірақ аздаған адамдардың арасында жіті гепатит өлімге әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, парентаралды гепатиттер созылмалы түріне ауысып, бауыр қызметінің қалпына келмейтін жағдайына әкелуі мүмкін.
Аурудың алдын алу шаралары
Вирустық А және Е гепатиттерімен күресудің тиімді әдістерінің бірі – санитарлық жағдайды жақсарту және тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыздау, ағынды суларды қажетті деңгейде жою және жеке гигиенаның қарапайым шараларын ұстану сырқаттанушылықтың таралуының алдын алуға болады.
Вакцинация - ғылыми түрде дәлелденген, көптеген жұқпалы аурулардан қорғанудың қауіпсіз және тиімді әдісі.Бүгінгі таңда елімізде вирустық А мен В гепатитіне қарсы егулер Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген.
Вирустық А гепатитіне қарсы вакцина алты ай интервалымен 2 рет енгізіліп, аурудан сенімді қорғанысты қалыптастырады. Иммунизация 2 жастағы балаларға, жұқпа ошағында қарым-қатынаста болған 14 жасқа дейінгі балалар мен созылмалы В және С вирустық гепатиттерімен ауыратын 14 жасқа дейінгі балаларға арналған.
Вирустық В гепатитіне қарсы арнайы профилактика жаңа туған нәрестелерге, медициналық қызметкерлерге, медициналық бағыттағы жоғары және орта оқу мекемелерінің студенттеріне, сондай-ақ реципиенттер, онкогематологиялық науқастарға, гемодиализ және тіндердің немесе ағзаларын (ағзалардың бөліктері) трансплантациялауға жататындар, жұқпа ошағында қарым – қатынаста болғандар жатады.
Аймұратова Алтынгүл Бөкенбайқызы
Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары