Жүктілік кезіндегі туберкулез

Ерте заманнан белгілі туберкулез әлеуметтік аурулар қатарына жатқызылады.

Өйткені, ол үй-тұрмыстық жағдайлары нашар, көпбалалы отбасындағы балаларда, жалпы экономикасы төмен, нашар дамыған елдерде жиі кездеседі. Кейінгі жылдары елімізде де туберкулез ауруы «күшіне еніп отыр». Ал, әлемде жыл сайын туберкулезден 2 миллиондай адам өлімге ұшырайды екен. Олардың миллионға жуығы әйелдер. Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы алдағы 20 жылдың ішінде туберкулезбен тағы 200 миллион адам ауырып, 70 миллион адам өлуі мүмкін деп ескертеді.

Аудан бойынша алғанда, 2016 жыл қорытындысымен жаңадан ауырып тіркелген науқастардың ішінен босанғаннан кейін туберкулезбен ауырғандардың саны 1 адам болса, 2017 жылы тіркелген ауру болған жоқ. Өкінішке орай, осы жылдың 7айында 2 науқас босанғаннан кейін табылып, тіркеліп отыр. Жүктілік және босану эндокринді жүйе қызметінің қайта құрылуымен, иммунитеттің өзгерісімен қабаттаса жүреді және туберкулезбен ауруына қатысты фактор болып табылады. Жүкті әйелдер мен босанғандардың ауруға шалдығуы, басқа әйел адамдарға қарағанда, 2-5 есе жоғары.

Туберкулез жүктіліктің кез келген кезеңінде пайда болуы мүмкін, дегенмен, ауруға шалдығу босанғаннан кейінгі 6 айдан соң жиі байқалады. Егер де жүктілік туберкулезбен ауырып жүрген кезде анықталса, онда аурудың асқынуы жүктіліктің алғашқы айларында байқалуы мүмкін. Ол кезде әлсіздік, жөтел, салмақтың азаюы, дене қызуының көтерілуі байқалады. Кейбір науқастарда асқынулар жүктіліктің 5-7 немесе 9 айында қайталануы мүмкін. Жүктілік кезінде жиі кездесетін туберкулез түрлеріне ыдырау кезеңіндегі инфильтратты түрі, диссиминирлі түрі, экссудативті өкпе қабынуы жатады. Босану біршама қауіпті кезең болып табылады, себебі, туберкулезге шалдыққан жүкті әйелдерде аурудың асқынуынан кей жағдайда туберкулезді менингиттің пайда болу қаупі бар. Уақытында диагностика жасалмаса, ем жүргізілмесе, босанғаннан кейінгі бір жыл мерзімде туберкулезден қайтыс болу 20 пайыз құрайды. Өкпе туберкулезі, әсіресе, жүктілік барысында немесе босанғаннан кейінгі алғашқы кезеңдерде ауырған әйел адамдарда ауыр өтеді. Сондықтан, 2-3 апта бойына жөтелу, тершеңдік, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі байқалса, дереу акушер-гинекологке қаралу керек.

Жүктілік кезінде рентгенологиялық зерттеу, ұрықты жауып тұру арқылы жүргізеді. Көп жағдайда жүкті әйелдер жоғарыдағы белгілерді токсикозбен шатастырады, сол себепті дәрігерге уақытында қаралып, қажетті диагностикадан өтіп тұру қажет. Туберкулез анықталған әйел адамдардың жүктілікті жалғастыруын немесе үзуін дәрігер шешеді. Егер жүкті әйелде қосымша созылмалы сырқаттары болмаса, туберкулезге қарсы препараттарды қолдану арқылы жүктілікті аяғына дейін жеткізуге рұқсат беріледі. Дұрыс тағайындалған ем (туберкулезге қарсы препараттармен) ұрықтың өсіп-дамуына кедергі келтірмеуі керек. Жаңа босанған ана туберкулездің белсенді түрімен ауыратын болса және оны оқшаулау мүмкін болмаса, онда сәбиді 3 айдан кем емес мерзімге оқшаулау шарт. «Ден қойғанға ем қонады» дегендей, туберкулезден құлантаза айығу науқастың өз қолында. Егер әрбір адам туберкулез туралы жетІк білсе және бұл тұрғыда өзінің білгенін күнделікті өмірде қолданса, аталмыш дерттің өршуіне және таралуына тосқауыл қоюға әбден болады.

Рая МҰХАНОВА, аудандық орталық аурухананың фтизиатры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521