«Жәрдем» пойызы жәрдемге келді

Бүгін «Жәрдем» мамандандырылған медициналық пойызы Аққыстау ауылына келіп жетті.

Ауыл тұрғындарына тегін медициналық қызмет көрсету мақсатында ауылымызға ат басын бұрған ақ халатты абзал жандарды ауыл әкімі Ғаділ Боранбаев бастаған бір топ аққыстаулықтар сән-салтанатымен күтіп алды. Дәрігерлер пойыздан түсе салысымен тәттіден шашу шашылып қазақы дәстүр көрініс тапты.

_dsc0640

Бұдан соң, алғашқы сөз кезегін алған ауыл әкімі Ғаділ Боранбаев жергілікті әкімдік тарапынан меймандардың Аққыстау ауылында өтетін екі күндік жұмыс сапарлары барысында оларға қажетті бар жағдайдың жасалатындығын тілге тиек етіп, қош келдіңіздер айтты.

_dsc0642

Өз кезегінде меймандардың атынан «Жәрдем» медициналық пойызының аға мейірбикесі Дана Нұржанқызы көрсетіліп жатқан құрметке ризашығылын жеткізіп, медициналық көмек көрсететін мамандарға тоқталып өтті.

_dsc0652

- Бұл жобаның басты мақсаты – медициналық қызметке қолы жетпейтін шалғай ауыл, елді мекендердің тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету. 26 мамыр мен 13 маусым күндері аралығында Маңғыстау облысының алыс елді мекендерінде болып, тұрғындарға қажетті медициналық көмекті ұсындық. 13 маусымнан бастап Атырау облысының аумағына кірдік. Көмек көрсететін мамандардың қатарында терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, офтальмолог, гинеколог, хирург, уролог, маммолог және стоматолог бар. Биыл білікті  мамандардың құрамы психолог және дерматовенерологпен толықты.  Сонымен қатар биыл стамотологиялық құрылғылар да жаңартылды. Медициналық пойызда биохимиялық талдаулар, рентгенография мен флюрография, ішкі ағзалар мен тамырлардың УДЗ-зерттеулерін, электрокардиограмма, гастрофиброскопия және  диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлерін жүргізуге мүмкіндік бар», – деді «Жәрдем» медициналық пойызының аға мейірбикесі Дана Нұржанқызы.

_dsc0618

Сондай-ақ топ құрамындағы УЗИ дәрігері Алтын Тілегенқызы да ауыл халқына өзінің ыстық лебізін жеткізіп, батыс өңірі халқының қонақжайлылығын ерекше атап өтті. 

Айта кетейік, медициналық пойыз 15-16 маусым күндері Аққыстау ауылында болып тұрғындарға қызмет көрсететін болады.

Әділбек СЫРЫМОВ

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521